Ринат Зайыт Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың басшысы қызметіне тағайындалды
АСТАНА.KAZINFORM – Бұрынғы Мәжіліс депутаты Ринат Зайыт Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының басшысы қызметіне тағайындалды. Бұл туралы Ринат Зайыт Adal ADAM YouTube арнасына берген сұхбатында мәлімдеді.
Ринат Зайыттың сөзінше, депутаттық мандатын тапсырғаннан кейін ол бір-екі ай демалып, жаңа жұмысқа кірісуге дайындалған.
– Шілде айынан бері, мандатымды тапсырғаннан кейін, шынымды айтсам, бір-екі ай демалдым. Себебі үш жыл үш ай мен үшін ауыр кезең болды. Бұған дейін де осыдан кейін бұндай жұмысқа жоламауға тырысатынымды айтып жүрдім. Себебі, жауапкершілігі жоғары жұмыста атқарған еңбегің еленбей қалса, адамның көңіліне қаяу салады. Уақыт өте келе жұмысқа деген құлшыныс та әлсірей бастайды, – деді ол.
Оның айтуынша, қазан айының басында жаңа Қорғаныс министрлігінің шақыртуымен Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың жұмысына қосылған.
– Қорғаныс министрлігіне қарасты Ұлттық әскери-патриоттық орталық деген ұжым бар. Оның құрамында ансамбль мен оркестр жұмыс істейді. Сонымен қатар орталық патриоттық іс-шаралар мен мәдени жұмыстарды ұйымдастырады. Әскердің және әскерге дейінгі жастардың бойында патриоттық қалпы, олардың Отан алдындағы отансүйгіштігін арттыруын қадағалайтын бірден бір орталық. Мен осы орталыққа келдім, – деді Ринат Зайыт.
Сондай-ақ ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қорғаныс саласын реформалау жөніндегі тапсырмалары жаңа өзгерістерге жол ашқанын атап өтті.
– Қазіргі жағдайды ескере отырып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың түбегейлі қорғаныс саласына жасаңдар деп тапсырған реформасы басталды. Мен жаңа өзгерістерге қатысуды жақсы көретін адам ретінде бұл жұмысқа қуана-қуана келдім, – деді ол.
Айта кетейік, Асқар Умаров Қазақстан Халық Кеңесі төрағасының кеңесшісі лауазымына тағайындалды.