08:49, 18 Шілде 2017 | GMT +5
Рио -де Жанейрода математика пәнінен халықаралық олимпиада ашылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Дүйсенбі күні Рио-де-Жанейро қаласында математика пәні бойынша халықаралық олимпиада ашылды. Шара ұйымдастырушыларының мәліметінше, биылғы жылы олимпиадаға қатысқан мемлекеттер саны рекордтық көрсеткішке жеткен.

«Бүгін біз 112 елден келген жас математиктерді қарсы алдық. Бұл математика пәнінен ірі әрі үлкен көлемдегі халықаралық олимпиаданың өтетіндігін білдіреді. Біз бұны мақтан тұтамыз», - деді ашылу салтанатында сөз алған Бразилия таза және қолданбалы математика институтының президенті әрі олимпиаданың ұйымдастыру комитетінің өкілі Марселу Виана.
Математика бойынша алғашқы халықаралық олимпиада 1959 жылы Румынияда өтіп, оған жеті мемлекеттен келген орта мектеп оқушылары қатысқан. Содан бері бұл шара 1980 жылды қоспағанда, жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Биылғы олимпиада 58-інші және алғаш рет Бразилия аумағында өткізіліп отыр.