Рио Олимпиадасының үміті: Биыл Тінәлиев туымызды желбірете ала ма?
Осыған дейін Алмат Кебісбаев пен Досжан Қортықов жайында айтып өткен болатынбыз.
Нұрмахан Тінәлиев
Туған күні/жылы: 10.01.1988
Туған жері: Жамбыл облысы. Далақайнар ауылы
Салмағы: 130
Бапкері: Г.Цурцумия
Жетістіктері:
Жасөспірімдер арасында Азия чемпионы (2007);
Иван Поддубный атындағы Гран-При турнирінің қола жүлдегері (2010);
Әлем чемпионатының қола жүлдегері (2010);
Жазғы Азия ойындарының жеңімпазы (2010);
Әлем чемпионатының қола жүлдегері (2011);
«Вехбе Эмре» Голден Гран-при турнирінің жеңімпазы (2012);
Азия чемпионы (2013);
Әлем чемпионатының қола жүлдегері (2013)
Универсиада ойындарының қола жүлдегері (2013);
ҚР Президенті кубогының жеңімпазы (2013);
Жазғы Азия ойындарының жеңімпазы (2014);
Азия чемпионы (2015)
Халықаралық дәрежедегі спорт шебері
Нұрмахан бауырымыз күрес мектебінің табалдырығын әкесі Анарбектің ұйытқы болуымен 14 жасында аттаған. 16 жасында Қазақстан чемпионы атанған. Кейін Жапонияда өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында қола жүлдеге ие болды. Ал 2007 жылы 19 жасында балуан жігіт Филиппинде өткен Азия чемпионатында алтын жүлде алғаннан кейін жеңісті жолдары жалғаса бастады. Оны жоғарыдағы мәліметтерден өздеріңіз көріп отырсыздар. Әлем біріншілігінің үш мәрте қола медалін қанжығасына байлады.
Осыдан төрт жыл бұрын Лондон Олимпиадасында қазақ елі Нұрмаханнан ерекше үміт күтті. Кемінде Олимпиада ойындарының қола медалін алып оралады деген сенімде болды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қолына көк Байрағымызды сеніп тапсырды. Бауыр еті баласының Лондонда Әнұранымызды асқақтата шырқатады деген сеніммен анасы да зор сеніммен ілесе барды. Өкінішке қарай, жоспар да, үміт те ақталмады...
Лондонда алғашқы жарыс жолын 1/8 финалдан бастаған бауырымыз швециялық Еурен Йоханнан жеңіліп қалды. Анасының көз жасы көл болса, жанкүйерлерінің үнжырғасы түсіп кетті. Өзі де бірден жеңілемін деп ойлаған жоқ. Осы жеңілістен кейін спортшының тауы да, тасы да шағылды. Сыртынан сын айтып, үрке қарайтындар көбейді. Алайда, Нұрмахан Лондоннан кейін шамалы уақыт демалып алды да, жаттығуға қайта кірісті. «Лондонда кеткен есені Риода аламын» деп өзіне серт берді...
Міне, әне-міне дегенше төрт жыл отіп, Бразилияда отетін кезекті ойындардың да уақыты келіп жетті. Қазір Нұрмаханның нағыз толысып, піскен шағы. Бұйыртса алдағы Олимпиадада Қазақстан қоржынына бір медаль сыйлайды деген үміттеміз. Биыл сәттілік жолдас болсын деп тілейік...