Рио Олимпиадасының үміті: Қолғап киген қазақтың қос аруы
Осыдан төрт жыл бұрын, яғни Лондон Олимпиадасынан бастап Халықаралық олимпиадалық комитеті қыздарға да Олимпиада ойындарына қатысуға мүмкіндік берген болатын.
Лондонда қазақ елінің намысын екі аруымыз Саида Хасенова мен Марина Вольнова қорғап, біреуі Олимпиаданың қол медалін жеңіп алғаны әлі есімізде. Міне, араға төрт жыл салып тағы екі аруымыз Рио-де-Жанейро Олимпиадасына қатысу мүмкіндігіне қол жеткізді.
Жақында Астанада бокстан әйелдер арасында өткен әлем чемпионатында жерлестеріміз қоржынымызға төрт алтын салып, жалпыкомандалық есепте әлем елдерінің көшін бастаған болатын. Сондықтан, Риода боксшы азаматтарымыздан қандай жүлде күтсек, боксшы қыздарымыздан да сондай жүлде күтеміз. Аруларымыз да жүлдеге лайықты деп сеніммен айтуға болады.
Жайна Шекербекова
Туған күні/жылы: 17.12.1989
Туған жері: ОҚО
Салмағы: 51 келі
Бапкері: В.Нечай
Жетістіктері:
Азия чемпионы (2010);
Қазақстан чемпионы (2013);
Қазақстан чемпионы (2014);
Азия чемпионатының күміс жүлдегері (2014);
ҚР Спартакиадасының жеңімпазы (2015);
Әлем чемпионатының қола жүлдегері (2016);
Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Олимпиада ойындарына жолдамаға Астанада өткен қыздар арасындағы әлем чемпионатында қол жеткізді. Олимпиада ойындарына тұңғыш рет қатысқалы отыр.
Дариға Шәкімова
Туған күні/жылы: 20.11.1988
Туған жері: Петропавл қ.
Салмағы: 75 келі
Бапкері: В.Присяжнюк
Жетістіктері:
Азия чемпионы (2010);
Қазақстан чемпионы (2013);
Қазақстан чемпионы (2014);
Азия чемпионы (2015);
Қазақстан чемпионы (2016);
Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Шәкімова Олимпиада ойындарына жолдаманы Қытайда өткен бокстан Азия және Мұхит аймағы елдері бойынша Олимпиада ойындарына жолдама сарапқа салынған турнирде жеңіп алды. Олимпиада ойындарына тұңғыш рет қатысқалы отыр.
Осы жерден сәл шегініс жасап,қазақ спортының тарихына қысқаша көз жүгіртіп қарайтын болсаңыз, әлі күнге Олимпиада чемпионы, тіпті жүлдегері болған қазақ қызы жоқ. Тәуелсіздігімізді алған сонау жылдардан қазірге дейінгі өткен Қысқы және Жазғы олимпиада ойындарында әлі бірде-бір қазақ қызы жүлдеге іліне алмай келеді.
Осыдан алты жыл бұрын яғни, 2010 жылы тұңғыш рет Сингапурде өткен жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарында ауыр атлет аруымыз Жазира Жаппарқұл жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтеріліп, Олимпиада чемпионы атанды. Бірақ, бұл - жас жеткіншектер арасындағы Олимпиада ойындары еді...
Ал жеткіншектер арасындағы емес, кәдімгі ересектер арасындағы төрт жылда сағындырып бір жететін Жазғы және Қысқы Олимпиада ойындарына қатысып жүрген аруларымыз жоқ емес, бар. Ақ Олимпиадаға қатысқан қыздарымыз арасында бірінші кезекте конькиші аруымыз Кенжеш Сәрсекенованы атап өтуге тиіспіз. Ол 1994 жылы Лиллехаммердегі (Норвегия), 1998 жылы Наганодағы (Жапония) Олимпиада ойындарына қатысқан. Одан кейін де Олимпиада ойындарына қатысқан қыздарымыз баршылық. Шайбалы хоккейден Динара Диқанбаева Солт-Лейк-Ситиде, фристайлдан Жібек Арапбаева Ванкуверде ел намысын қорғады. Сочи олимпиадасында Фристайлдың акробатика түрінен шымкенттік Жанбота Алдабергенова қазақ қыздарының ішінен тұңғыш болып қысқы олимпиадада алтыншы орынды иеленді. Осыған дейін қазақ ұлтынан шыққан бірде-бір нәзік жанды спортшы ақ олимпиадада осындай жоғары орын иеленіп көрмеген.
Ал жазғы Олимпиада ойындарына қатысқан қазақ қыздары біршама. Солардың ішінде Олимпиада жүлдегері атанудан мүмкіндіктері мол болған көркем гимнасшы Әлия Жүсіпова мен құралайды көзге атқан мерген Зәуреш Байбосынованы ерекше атап өтуге болады. Әлия Жүсіпова Бейжің Олимпиадасында жүлделі орынға сынық сүйем жетпей қалған еді.
Алайда әзірше қазақ қыздарының төрт жылда бір өтетін дүбірлі додада бағы жанбай келеді. Бірақ біз биылғы ХХХІ Олимпиада ойындарында қазақтың қаракөз қыздарының ішінен біреуі жарқ етіп шығып, абыройымызды асырып, Әнұранымызды асқақтатып қайтады деген сенімдеміз.