Рио Олимпиадасының ұмытылмас сәттері

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында ХХХІ жазғы олимпиада ойындары мәреге жетеді. «ҚазАқпарат» ХАА осы олимпиада туралы ұмытылмас сәттерді ұсынады.
None
None

1.  Алғаш рет Оңтүстік Америкада

Олимпиада ойындары алғаш рет Оңтүстік Америкада өтті. Чикаго, Мадрид, Токио сияқты қалаларды артқа қалдырып, Рио-де-Жанейро 2009 жылы олимпиада астанасы болып жарияланды.

2.   «Маракана» рекордтық стадионында

Олимпиаданың ашылу салтанаты атақты «Маракана» футбол стадионында өтті. Оған қазір 78 мыңдай көрермен сыяды, ал 1950 жылғы әлем чемпионатының финалында 173 мың көрермен тамашалаған болатын. Мұнда 2014 жылғы әлем чемпионатының финалы да өтті.

3.    Жаңа құрама

Бірінші рет олимпиада ойындарына босқындар құрамасы қатысты, оның құрамына Сирия, Оңтүстік Судан, Конго және Эфиопиядан он спортшы кірді.

4.  Олимпиада қауіпсіздігі

Олимпиаданы өткізу үшін 85 мыңдай сарбаз бен полиция жұмылдырылды, бұл 2012 жылғы Лондон олимпиадасындағыдан екі есеге көп.

5.  2000 жылғы туғандар

Олимпиада ойындарына алғаш рет 2000 жылдары дүниеге келгендер қатысты. Ережеге сәйкес олимпиадаға 2003 жылғы 1 қаңтарға дейін туғандар қатыса алатын. Ең жас чемпион, 15 жасар қытайлық Жэнь Цзянь 10 метрлік мұнарадан суға секіруден жеңімпаз атанды.

6.  Қазақстандық Фелпс

21 жасар алматылық Дмитрий Баландин айды аспанға шығарып, брасс әдісімен 200 метрге жүзуден Қазақстан тарихында тұңғыш рет олимпиада чемпионы атанды. Оны жеңісінен кейін қазақстандық Фелпс деп атай бастады. Ал атақты америкалық Майкл Фелпс осы олимпиадада 23-інші рет олимпиада жеңімпазы атанды.

7.  Қазақ боксшылары жеңісінің жалғасы

Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері бокстан Қазақстан құрамасы әр олимпиадан алтын жүлде әкелумен келеді. Атап айтқанда, 1996 жылы Василий Жиров, 2000 жылы Ермахан Ибрайымов пен Бекзат Саттарханов, 2004 жылы Бақтияр Артаев, 2008 жылы Бақыт Сәрсекбаев, 2012 жылы Серік Сәпиев чемпион атанса, бұл жолы Данияр Елеусінов алтыннан алқа тақты. Бұл және қазақстандық боксшылардың 69 кг салмақта қатарынан төрт олимпиададағы жеңісі еді.

8. В.Левиттің күмісі алтынмен тең

91 кг салмақта финалда Василий Левит пен ресейлік Евгений Тищенконың кездесуіне қатысты төрешілер шешімі дауға айналды. Жеңіс ресейлікке берілгенмен, кімнің анық басым болғанын бүкіл әлем көрді. Мамандар  пікірі өз алдына, ақыры АИБА осы бәсекеге қазылық еткендерді аластап тынды. Алайда жекпе-жек нәтижесі қайта қарауға жатпайтын еді. Соның өзінде В.Левиттің күмісі алтынмен тең деуге болады.

9.  Мұхамед Әлише бокстасты

Қазақстандық боксшы Қайрат  Ерәлиев 56 кг салмақта 2013 жылғы әлем чемпионы Джавид Челебиевпен кездесуінде америкалық атақты боксшы Мұхамед Әлише соққыдан жалтара білудің тамаша үлгісін көрсетті.

10. «Күмісбектің» көз жасы

Қазақстандық боксшы, «Күмісбек» атанып кеткен Әділбек Ниязымбетов екі мәрте қатарынан олимпиада ойындарының күміс жүлдегері болған соң марапаттау сәтінде көз жасын жасыра алмады.

11.  Қазақстан ауыр атлеттері допинг дауынан кейін де мықты

Рио олимпиадасы алдында халықаралық ауыр атлетика федерациясы қазақстандық төрт бірдей олимпиада чемпионын жарыстан шеттеткені белгілі. Соған қарамастан, қазақстандық ауыр атлеттер осы олимпиада бір алтын, бір күміс, үш қола медальді жеңіп алды.

12. Қазақстан туралы деректер

Қазақстан Рио олимпиадасында жалпы саны 17 медаль жеңіп алып, қатысқан елдер арасында 22-інші орынды иеленді.

13. Ресей құрамасы әлі де мықты

Олимпиада алдында допинг дауына байланысты Ресей құрамасы түгелдей шеттетілудің аз-ақ алдында тұрды. Тек халықаралық олимпиада комитеті 26 шілдеде ғана рұқсат берді. Оның үстіне жеңіл атлетикадан ресейліктер түгелге жуық қатыса алған жоқ. Соған қарамастан, Ресей құрамасы 19 алтын, 18 күміс, 19 қоламен (56) төртінші орынға табан тіреді.

14.  Сингапурлық жүзу шебері М.Фелпстен де озып кетті

Сингапурлық Джозеф Исаак Шулинг 12 тамыз күні баттерфляймен 100 метрге жүзуден Майкл Фелпстің өзін басып озып кетті. Сөйтсе, ол 2008 жылы М.Фелпспен бірге суретке түсіп, соған ұқсағысы келген. Міне, үлгінің нәтижесі.

15.  Төрт өмірді құтқарған өлім

Ескек есуден Германия құрамасының бапкері Штефан Хенце Риодағы жол апатынан қаза тапқаннан кейін төрт адамға донор болған. Ауруханада қайтыс болғаннан кейін бапкердің отбасы оның жүрегі, бауыры және екі бүйрегін басқа науқастарға салуға рұқсат берген.

16.  Қамқорлықтың көрінісі

5 км қашықтықта жүгіруден іріктеу сайысында америкалық желаяқ Эбби д'Агостино құлап қалып, жарақат алған жаңазеландиялық Никки Хамблинді тастамай, екеуі мәреге бірге келген. Кейін екеуі де финалға жіберілген.

17.  Қытайлық жүзгіштің қуанышы

Қытайлық жүзгіш, олимпиаданың қола жүлдегері атанған Фу Юаньхуэй CCTV телеарнасына сұхбат беріп тұрып, өзінің көрсеткішін көрген кезде таңғалысын жасыра алмаған. Сөйтіп аз уақыттың ішінде әйгілі болып шыға келген.

18.  Олимпиададағы махаббат

Суға секіруден екі мәрте олимпиада чемпионы, осы додада қола жүлде алған қытайлық Цинь Кай марапаттау тұғырында тұрған өзінің сүйіктісі Хэ Цзыға сүйетінін білдірген. Күміс жүлде алған Хэ Цзы «иә» деп жауап қатқан.

19.   Усэйн Болттың тоғыз алтыны

Ямайкалық Усэйн Болт осы додада үш алтын медальді жеңіп алып, тоғыз мәрте олимпиада чемпионы атанды. Ол ерлер арасында 100 және 200 метрден, сондай-ақ эстафеталық жарыста ешкімге дес берген жоқ.

Соңғы жаңалықтар