Ризабек Айтмұхан екі дүркін Олимпиада чемпионына жол берді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық балуан Ризабек Айтмұхан Астанада өтіп жатқан күрестен әлем чемпионатындағы алғашқы белдесуінде жеңіліс тапты.
ҚР ҰОК мәліметінше, еркін күрестен 97 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған отандасымыз іріктеу кезеңінде Олимпиаданың екі дүркін, әлемнің алты дүркін чемпионы, Ресей өкілі Абдулрашид Садулаевпен кездесті.
Нәтижесінде Ризабек Айтмұхан қарсыласына 4:1 есебімен жол берді.
Бұған дейін Қазақстан командасының спортшысы, жазғы Азия ойындары мен Ислам Ынтымақтастығы ойындарының қола жүлдегері Зейнеп Баянова кіші финалда Еуропа чемпионатының қола жүлдегері Наталья Варакинамен кім мықтыны анықтады. Нәтижесінде отандасымыз Беларусь өкілін айқын басымдықпен ұтып, 50 кг дейінгі салмақта үздік үштікті түйіндеді.