Риззат Тасым: Қазақстанды құру жолындағы реформаның мәні – азаматтардың әл-ауқатын арттыру
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін Мемлекеттік басқаруды реформалау мәселелері жөніндегі комиссияның құрамы жарияланды.Енді комиссия жұмысын неден бастауы керек? Реформаның түпкі мәні неде және оның нәтижесін азаматтар күнделікті өмірінде қалай сезінеді?
Бұл туралы Қазақстан қоғамдық даму институты Институционалды талдау және реформалар орталығының директоры, саясаттанушы Риззат Тасым жауап берді.
Оның пікірінше, қоғамдағы өзгерістер жеделдеген сайын, мемлекеттік аппарат та жаңа жағдайға тез бейімделіп, дер кезінде шешім қабылдай білуі керек. Мемлекет басшысы да елдің болашақтағы орны бүгінгі жұмыстың жылдамдығы мен сапасына байланысты екенін айтып жүр.
-Меніңше, осы тұрғыдан бізге азаматтың уақытын үнемдейтін мемлекет қажет. Уақытылы, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы Жолдауында Үкіметтен бастап ауыл әкімдеріне дейінгі барлық деңгейдегі басқару құрылымын қайта қарап, тұтас мемлекеттік аппараттың және әрбір мемлекеттік қызметшінің жұмыс тиімділігін арттыруды тапсырған еді. Енді осы реформаның бағыттарын айқындап, кешенді жоспарға енетін ұсыныстарды қарастыру үшін Президент жанындағы Мемлекеттік басқаруды реформалау мәселелері жөніндегі комиссияның құрамы бекітілді. Алдағы реформаның нәтижесі азаматтың өз мәселесін қаншалықты тез әрі оңай шеше алатынынан көрінеді.
Комиссия құрамына мемлекеттік басқарудың негізгі буындарының өкілдері кірді. Олардың көбі мемлекеттік аппаратта ұзақ жыл еңбек еткен, шешімнің қалай әзірленіп, келісілетінін және оны орындау барысында қандай кедергілер туындайтынын тәжірибеден білетін мамандар. Сондықтан мұндай тәжірибе қай жерде өкілеттіктер қабаттасатынын, қай келісу сатысы шешімді созатынын және түпкі нәтижеге кім жауап беруге тиіс екенін анықтауға көмектесетінніне сенімдімін,-дейді сарапшы.
Оның сөзінше, комиссияны Президент Әкімшілігінің Басшысы басқаруы орталық органдар мен өңірлердің жұмысын үйлестіруге, ведомствоаралық келіспеушіліктерді ұсыныстар әзірленіп жатқанда шешуге және реформа шараларын ортақ ұстаныммен жүйелі түрде әзірлеуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге осы құрамның артықшылығы бірнеше органға бөлініп кеткен міндеттердің түпкі нәтижесіне кім жауап беретінін бірге айқындауға да жол ашады.
Қазірдің өзінде мемлекеттік басқаруды оңтайландыруда зер салатын бірнеше бағыт бар.
Біріншіден, азаматтың өтініші мен мемлекеттік органның шешімі арасындағы бүкіл жолды қайта саралау керек. Мысалы, e-Otinish-тегі қайталама өтініштер, ХҚКО-дағы кері қайтарулар мен әкімдіктерге жиі түсетін шағымдарды талдап, ең көп кедергі туғызатын бірнеше рәсімді іріктеуге болады. Өтініштің қай сатыда тұрып қалатынын, қай деректің қайта сұралатынын және қай келісімнің шешімге ықпал ететінін анықтаған жөн. ЭЫДҰ-ның соңғы зерттеулері қызметтің жылдамдығы мен оны алудың оңай болуы мемлекеттік қызметке жалпы қанағаттану деңгейін кем дегенде 10%-ға арттыратынын көрсетіп отыр. Ал Қазақстанның мемлекеттік басқару рәсімдерін оңтайландыруға әлеуеті жоғары. Бұған электрондық үкіметті дамытудағы ілгерілеуіміз негіз. Соңғы екі жылда еліміз БҰҰ-ның Электрондық үкіметті дамыту индексінде сегіз сатыға жоғарылап, 24-орыннан 16-орынға көтерілді. Ендігі міндет – осы жетістікті ведомствоаралық келісу рәсімдерін жеңілдетуге, азаматтан бір мәліметті қайта сұратуды азайтуға және шешім қабылдау мерзімін қысқартуға пайдалану.
Екіншіден, рәсімдерді жеңілдетіп барып цифрландыру қажет. Мемлекеттік жүйеде бар мәліметті заңды негізде ведомствоаралық алмасу арқылы алу мүмкін болса, азамат оны қайта ұсынбауға тиіс. Қазақстанда баланың тууын SMS арқылы тіркеу тәжірибесі бар. Осы тәсілді бірнеше мекемеге жүгінуді қажет ететін өзге де өмірлік жағдайларға бейімдеуге болады.
Үшіншіден, жасанды интеллектіні қайталанатын жұмыстан бастап, нәтижесін нақты өлшеу керек. Алғашқы сынақтарда ЖИ-ді құжат жобаларындағы қайшылықтарды іздеуге, ұқсас өтініштерді топтастыруға және қайталанатын есептерді анықтауға қолдануға болады. Ұлыбританияның салық және кеден қызметі 2026 жылы жариялаған бағалауда сынаққа қатысқан қызметкерлер аптасына орта есеппен бір сағаттай үнемдегенін айтқан. Қазақстандағы сынақтарда уақытпен бірге қате саны мен нәтижені қайта тексеруге кеткен еңбекті де есептеген жөн. Дегенмен де ЖИ-ден бұрын азаматтың құқығына әсер ететін шешімге уәкілетті қызметші жауап беруге тиіс, ол шешімнің негізін түсіндіріп, азаматқа шағымдану жолын көрсете алуы керек.
-Сонымен қатар кәсібилік пен қызметтік әдепті күнделікті жұмыстың талабына айналдыру қажет. Президент мемлекеттік қызметшінің Конституцияны басшылыққа алып, Отаны мен халқына адал қызмет етуі керектігін бірнеше мәрте атап өтті. Көріп отырғанымыздай, Комиссияны ауқымды жұмыс күтіп тұр. Оның алдында Үкіметтен бастап ауыл әкімдігіне дейінгі басқару жүйесін зерделеп, шешім қабылдауды созатын рәсімдерді қысқарту міндеті тұр. Реформаның басты мақсаты да мемлекеттік аппараттың жұмысын тиімді етіп, әр азаматтың өз мәселесін тез әрі оңай шешуіне жағдай жасау,-дейді сарапшы.
Бұл ретте ол Мемлекет басшысы түпкі бағдарды айқын белгілегенін атап өтті. Әділетті Қазақстанды құру жолындағы бұл реформаның мәні – азаматтардың әл-ауқатын арттыру, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өмір сапасын жақсарту. Сәйкесінше қазақ мемлекеттілігінің іргесі әрбір шешім заңға сай әрі уақтылы қабылданып, оның мәні азаматқа түсінікті болған сайын беки түседі. Күшті мемлекет өз ісін жетік білетін, шешіміне жауап бере алатын және халыққа адал қызмет ететін мамандардан басталары да хақ.
Осыған дейін сарапшы қазіргі Қазақстан қоғамдық қатынастардың саяси жаңғыруы мен трансформациялану процестерін бастан кешіріп отырғанын айтқан болатын.