Роберт Фицо Қазақстан Президентін Словакияға сапармен келуге шақырды
АСТАНА. KAZINFORM – Словакия Премьер-министрі Роберт Фицо Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты еліне сапармен келуге шақырды.

- Бұл Сіздің еліңізге алғашқы сапарым. Өкінішке қарай, бұрынырақ Сіздің еліңізге келе алмадым. Дегенмен бүгін осы жерде болғаныма қуаныштымын. Расында да елдеріміз үшін өте маңызды тақырыптарға қатысты келіссөз жүргіздік. Жаңа, әділ және ашық Қазақстан құру жолындағы өршіл мақсаттарыңызды, еліңіз үшін істеп жатқан қызметіңізді зор құрметпен бағалаймыз. Бұл жоспарларыңыз жүзеге асырылып та жатыр, - деді мәртебелі мейман Ақордада өтіп жатқан кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында.
Сонымен қатар ол Қазақстан Президентін Словакияға сапармен келуге шақырды.
- Президент мырза, мен Петер Пеллегринидің (Словакия Президенті) Словакияға сапармен келу шақыруын қайталағым келіп отыр. Сіздің күн тәртібіңіз өте қауырт екенін білемін. Сіздің Чех Республикасына сапармен бару жоспарыңызға қатысты ақпаратым бар. Егер Сізде қандай да бір мүмкіндік болса, онда сапарыңызды біріктіріп, Словакияға да келсеңіз, - деді Роберт Фицо.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Словакия Премьер-министрі Роберт Фицомен шағын құрамда келіссөз жүргізгенін жазған едік.
Ал кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында Мемлекет басшысы Словакия Қазақстанның Еуропалық одақтағы маңызды әрі сенімді серіктесі екенін айтты.