Roblox феномені: Grow a Garden-нің балаларға ықпалы

АСТАНА. KAZINFORM — Көпшілік әдетте Roblox дегенде, қарапайым графикасы бар, Minecraft‑қа ұқсайтын балалар ойыны деп ойлайды. Ал шын мәнінде Roblox сіз ойлағаннан әлдеқайда күрделі әрі ауқымды платформа. Ол қолданушылардың өздері жасаған мыңдаған виртуалды әлемдерді біріктіреді. Kazinform тілшісі Roblox цифрлық әлемін жан-жақты шолып, не себепті миллиондаған жас пайдаланушыларды өзіне баурап алғанын анықтап көрді.

Roblox феномені: Grow a Garden-нің балаларға ықпалы
Фото: Canva

Қиялы мен базалық деңгейде техникалық білімі бар кез келген адам Roblox Studio-ны пайдаланып, миллиондаған халықтың басын бір ортаға қосатын ойын жасай алады. Жылдар бойы бұл ашық экожүйе жарыстар, өмір сүру симуляторлары мен рөлдік және хоррор ойындар сынды түрлі жанрлардың өте кең тарауына себеп болды. 2025 жылдың басында платформада жаңа хит қолданушылардың ықыласына бөленді. Ол бағбандық симулятор — Grow a Garden.

Ойын биыл наурыз айында іске қосылcа да қазірге дейін бірталай табысқа жетіп үлгерді. Небәрі бірнеше апта ішінде Grow a Garden-де адамдар 1,5 миллиардтан астам ойын ойнаған.

Миллионға жуық қолданушы «таңдаулы» деп танып, 94 %-ы ойынды ұнатқандарын айтқан. Ал 17 мамырда бір сәтте 5 миллион адам ойнап, платформа тарихындағы абсолютті рекорд орнатты. Тіпті шектен тыс жүктемеден серверлерде уақытша ақаулар да пайда болған. Сырт көзге жай ғана тұқым отырғызу секілді көрінеді. Шын мәнінде ол бүкіл әлемдегі, соның ішінде Қазақстандағы балалар үшін күнделікті әлеуметтік өмірдің ықпалды бір бөлігіне айналды.

Ереже қарапайым, назар ерекше

Ойын ережесі оп-оңай: ойыншылар алдымен тұқым сатып алады, оны отырғызады, өнімді күтеді. Жиналған жемістерді Sheckles деп аталатын ішкі валютамен айырбастайды. Оған жетілдірілген жаңа тұқымдар, құралдар немесе кеңірек жерлер сатып алады. Мақсат — басқалардан ерекшеленетін сирек өсімдіктер, экзотикалық үй жануарлары мен декоративті элементтері бар бақша өсіру.

Grow  a  Garden‑де өсімдіктер ойыншы желіде болмаса да өсуді жалғастырады. Бұл ойынға қайта оралуға ынталандырады. Ең бастысы — ойыншылар басқа пайдаланушылардың да бақшасын көре алады. Жеке жетістік — мәртебе көрсеткіші. Балалар үшін тартымды тұсы да осы: ойын коллекционерлік, әлеуметтік салыстыру және күту мен сол күткенің үшін лайықты сыйыңды алу сынды қарапайым өмірлік циклдарды біріктіреді.

Roblox
Фото: Ержан Жәнібеков

Балалардың өздері айтқан ой кез келген талдаудан да артық ақпар береді.

— Бұл ойында ең қарапайымнан бастап, ең сирек өсімдіктерге дейін сатып аласың. Мүмкіндігінше көп құпия және сирек өсімдіктер мен үй жануарларын жинау керек. Үй жануарларының әртүрлі қабілеттері бар. Мысалы, кейбіреулері ағаштардағы жемістердің көлемін арттыра алады. Сондай-ақ, жаңа үй жануарлары мен өсімдіктерді алуға болатын шаралар да өтеді. Ойнағанда көбінесе қуаныш сезінемін, бірақ кейде дүкенде сирек өсімдіктер болмаған кезде көңілім түседі, - дейді Алматы қаласының 6-сынып оқушысы 11 жасар Алдияр Упиев.

Оның сөздері ойынның эмоционалды ритмін дәл сипаттайды. Үміт, мүмкіндік, сыйақы — және кейде кездесетін көңілсіздік.

Неге бұл ойын соншалықты тез хитке айналды? Бұған себеп Roblox желісінің жаһандық әсері дейді Астаналық төртінші сынып оқушысы Санжар Жәнібеков.

— Бұл ойын ең бірінші Америкада танылды. Сосын басқа әлемдерге де тарап, Қазақстанда да әйгілі болды. Қазір 27 миллион адам ойнайды. Менің ойымша, ойын тыныш, көңілді — басқа ойындардағыдай қан жоқ. Бұл ойын еңбек ету, жемістер, өсімдіктер мен жануарларды өсіру туралы, - дейді 10 жасар оқушы.

Санжардың сөздерінен ең маңызды екі жетістікті аңғаруға болады. Біріншісі, цифрлық мәдениеттің халықаралық деңгейде таралуы және зорлық-зомбылықсыз ойындарға қызығушылық. Roblox-тың өзге де танымал ойындарына қарағанда мұнда шайқастар мен қорқынышты әрекеттер жоқ. Grow a Garden балаларға ойындардың бейбіт баламасын ұсынады. Қырып-жоюды емес, құруды насихаттайды.

Жиі өзгеретін әлемде цифрлық кеңістік тірек бола алады

Бұл жағдай әсіресе ата-аналарды алаңдатып отыр. Десе де кейбірі ойынды баланың әлеуметтік бейімделуіне көмекші көріп жатыр. Үш баланың анасы — Жансая Халтаева баласының бірнеше рет мектеп ауыстырғанын айтады. Ол Roblox арқылы жаңа таныстар тапқан. Соның әсерінен шынайы өміріндегі тұрақсыздық айтарлықтай әсер ете қойымапты.

— Ол өзінің алғашқы достарын Roblox арқылы тапты. Әр жаңа мектепке барған сайын балалар оның ойындағы керемет бағы мен сирек өсірген үй жануарларын көріп, қызығады. Туған күндеріне шақырады. Балам айналасындағылармен оңай тіл табысып кетеді. Себебі достарымен ойын арқылы бұрыннан танысып, араласады, - дейді ол.

Жансая Халтаеваның оқиғасы цифрлық кеңістіктің қоғамға бейімделуді жеңілдетіп, география алшақтығын сездірмей, тұрақтылық сезімін сыйлай алатынын айқын көрсетеді.

Қазақстанда бұл ойынның мәдени маңызы ерекше байқалады. Өйткені шынайы өмірде күтімді қажет ететін бақ — қаладағы көп отбасы үшін таңсық құбылыс. Оған уақыт, орын мен әдетте жиі жетпей жататын ресурстар керек. Ал цифрлық бақша, керісінше, телефоны немесе ноутбугі бар әр балаға қолжетімді.

Бұл ойынды басқа ел азаматтары жай ғана ермек ретінде қабылдауы мүмкін. Ал Қазақстанда күнделікті өмірде қол жете бермейтін тәжірибеге жол ашу тәсіліне айналып отыр. Бұл сондай-ақ бейресми ағылшын тілі сабағы да іспетті. Себебі, өсімдіктердің, жануарлардың және ойын ішіндегі оқиғалардың атаулары ағылшынша берілген. Балалар мұны аңғармай-ақ жаңа сөздерді үйренеді. Мысалы, Dragon Peppers, Moonlit Fruits немесе Bizzy Bees сынды сөздерді жаттау арқылы сөздік қорын кеңейтеді.

Әлеуметтік қысым және қоғам өзгерісі

Ойынның әлеуметтік қыры экран шеңберінен әлдеқайда асып түседі. Баласына Roblox-ты ойнауға тыйым салған ата-аналар көбіне олардың қоғамнан тысқары қалғанын бірден байқайды.

— Ата-аналары ойын ойнауға тыйым салған балалар дос табуда қиналады. Айналадағының бәрі сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарларды талқылайды. Сол кезде Roblox ойнамайтындар өздерін бөтен, шеттетілгендей сезінеді, - дейді Жансая Халтаева.

Осылайша, Grow a Garden жай ғана ойын емес, қазіргі балалық шақтың «паспорты» болып отыр.

Roblox
Фото: Ержан Жәнібеков

Цифрлық қауіптер мен ата-аналардың дилеммасы

Цифрлық бақша сырттай қауіпсіз көрінгенімен оның астарында назар аудармаса болмайтын жағдайлар бар. Roblox платформасындағы өзге ойындар секілді, Grow a Garden де құмар ойындарға ұқсас механикаларды қолданады. Ойында «Лутбокстар» сирек кездесетін тұқымдар мен жануарларды береміз деп үміттендіреді. Десе де бұл сыйлықты ұтатын не ұтпайтыныңыз белгісіз. Сондықтан бала сәттілігіне сеніп, қайта-қайта қаржы жұмсауы да мүмкін.

Ал Robux – Roblox-тағы ақылы валюта. Ойын тегін болғанымен, нақты табыс пен жетістікке жету үшін осы валютаны қолдану керек. Қосымша жер сатып алу, өсімдіктерді тез өсіру сынды артықшылықтар тек ақша арқылы іске асады. Достарымен бақтарын салыстыру, жетістіктерге ұмтылу – бәрі балаға «ақша салмасам, артта қаламын» деген ой салады.

Бұл мәселе тек ойын ішінде қалмайды. Discord, TikTok, YouTube сынды сыртқы платформаларда да ойынға байланысты бейресми топтар бар. Мұндай ортада балалар тек кеңес алып қоймайды. Аккаунт пен құнды заттарын да алмаса бастайды. Roblox мұндай әрекеттерге тыйым салса да, кей балалар ерекше тұқым алу үшін бөтен адамдармен келісім жасап, алданып қалуы мүмкін. Интернеттегі танымал блогерлер мен инфлюенсерлер де сирек заттарды жарнамалап, шынайы ақша жұмсауға, кейде тіпті қауіпті заң бұзушылықтарға шақырады. 

Мұндай ахуалды байқаған ата-аналар балаларына қатаң тыйым салып жатады. Мәселен, үш баланың анасы Арайлым Бурашева өз көзқарасын былай деп ашық білдірді:

— Бұл ойында зорлық-зомбылық, балағат сөздер бар. Балаларымды әбден өзіне тартып алды. Кейде тамақ ішуді де ұмытып, серуендеудің орнына телефонға телміріп отырады. Ақша құюға шақыратын элементтері де жетерлік. Мен үшін бұл ойын – зиянды. Сондықтан балаларымның телефонынан оны мүлдем өшіріп тастадым, - дейді ол.

Балалардың көзқарасы мен цифрлық парадокстар

Кей балалардың өзі цифрлық өмірдегі екіұдай әсерді түсіне бастады.

— Досты шынайы өмірде тапқан дұрыс. Roblox-та кіммен сөйлесіп отырғаныңды білмейсің ғой, - дейді оқушы Санжар Жәнібеков.

Шымкенттік 9-сынып оқушысы Әдиельхан Игілік виртуалды әлемдегі әсерімен бөлісті.

— Ойынға кіргенде, өзімді сол жерде жүргендей сезінемін, тіпті тірі қалуға тырысып жатқандай болам. Roblox-та мыңдаған бағыт бар — әркім өзіне ұнайтынын таба алады. Бірақ, мысалы, 99 Nights секілді қорқынышты ойындар кішкентай балаларға мүлде арналмаған, - дейді ол.

Бұл пікірден 14 жасар баланың мазмұнды ажырата алатынын байқауға болады. Кей ересектер мұндай түсіністі балалардан күтпейтінін де еді.

Басты парадокс мынада: Roblox пен оның бөлігі Grow a Garden балалар мәдениетінің елеулі бөлшегіне айналды. Бұл жай ғана уақыт өткізу құралы емес. Көптеген бала үшін бұл — қарым-қатынас жасауды, шет тілін үйренуді, түрлі рөлдер мен мінез-құлық модельдерін сынап көруді үйрететін кеңістік. Сонымен қатар, мұнда олар қаржылық қысыммен, бәсекелестікпен және ойынға тартатын алгоритмдермен де бетпе-бет келеді.

Roblox-тың әсері балалар бөлмесінен әлдеқашан асып кетті. Бұл платформада виртуалды концерттер мен кино көрсетілімдері өтті, әлемдік брендтермен серіктестік орнатылды. Тіпті білім беру саласына да еніп үлгерді. Roblox-ты бастауыш сыныптардан бастап, университеттерге дейін гейм-дизайн негіздерін оқыту үшін қолдана бастады. Көптеген ірі компаниялар оны цифрлық әлемге қызықтыратын үлгісі ретінде зерттеп жатыр. Сондықтан Roblox-ты жай ғана «балалар ойыны» деу — қазіргі ұрпақтың қандай әлемде өсіп келе жатқанын түсінбеу деген сөз.

Бір бала үшін бұл — жаңа мектепке бейімделудің, дос табудың жолы болса, екіншісі үшін — қаржылық қысымның, шектен тыс экран алдында өткізген уақыттың және ата-ана шектеулерінің көрінісі.

Ата-аналардың пікірі де әртүрлі. Мәселен, Жансәя Халтаева мен Арайлым Бурашева секілді аналардың ұстанымы — толық тыйым салу. Алайда мұндай тыйым баланы қатарластарынан алыстатуы мүмкін. Ал еркіндік беру — ойынға тәуелділікке апарады. Нағыз мәселе — осы екі шектің арасынан тепе-теңдік табу. Бұл жағдай нақты шекараларды орнатып, қауіпсіз мінез-құлыққа баулу және баланың цифрлық әлеміне бей-жай қарамау керектігін аңғартады.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы өткен айда деректерді басқару тиімділігін арттыру, сондай-ақ киберқауіпсіздікті күшейту мәселесін көтерген еді.

Соңғы жаңалықтар