Ролан Гаррос: Әмір Омарханов жасөспірімдер арасында ширек финалға жолдама алды

ПАРИЖ. KAZINFORM – 17 жастағы қазақстандық тениисші Әмір Омарханов жұптық сында жасөспірімдер арасында Ролан Гаррос турнирінің ширек финалына шықты. 

әмір омарханов
Фото: ktf.kz

Қазақстандық жас теннисші ресейлік Тимофей Дерепаскомен бірге екінші айналымда жарыстың 5-ракеткалары, франциялық Чарли Камю – аустралиялық Хайден Джонспен сынға түсті.

Тартысқа толы бірінші партия тай-брейкке дейін созылып, қазақстандық-ресейлік жұп шешуші сәтте жеңіске жетті – 7:6 (7:4). Екінші сетте Омарханов – Дерепаско үш брейк жасап, матчты жеңіспен тәмамдады – 6:2. Ойын 1 сағат 15 минутқа созылды.

Әмір Омарханов – Тимофей Дерепасконың ширек финалдағы қарсыластары кейін анықталады. 

Бүгін Парижде Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина дүниежүзілік рейтингіде 15-орындағы италиялық Ясмине Паолинимен жартылай финал жолдамасы үшін таласады. Бәсеке Астана уақытымен сағат 17.15-ке белгіленген.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Бейбіт Жұқаевтың Ұлыбританиядағы доданы жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз. Сондай-ақ Жібек Құламбаева Италиядағы жарыстың жартылай финалына өтті.

Соңғы жаңалықтар