Ролан Гаррос: Дмитрий Попко үш сағатқа созылған кездесуді жеңіспен аяқтады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық, әлемнің 164-ракеткасы Дмитрий Попко Ролан Гаррос турнирінің іріктеу сайысының жартылай финалына жолдама алды.

Попко
Фото: olympic.kz

Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін әлемдік рейтингіде 222-орында тұрған тунистік Азиз Дугазбен өткізді.

Бірінші партияда Попко тай-брейкте таразы басын өзіне аударды — 7:6 (7:4).

Екіншісінде Дугаз есе қайырды — 6:3.

Үшінші, шешуші сетте есеп 5:4 болып, Попко матчқа доп бергенімен, ол мүмкіндікті мүлт жіберді. Дегенмен тай-брейкте жеңісті жұлып алды — 7:6 (10:7).

Үш сағат 5 минутқа созылған тартысты бәсекеде Попко 2 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Дугаз 5 эйс, 7 брейкпен (16 брейк-пойнт) көзге түсті.

Дмитрий Попко іріктеу додасының финалына шығу үшін әлемнің 118-ракеткасы, колумбиялық Даниэль Элахи Галанмен таласады. 

Тағы бір қазақстандық, рейтингіде 163-сатыдағы Михаил Кукушкин әлемнің 270-ракеткасы, франциялық Жоффри Бланканодан ойсырай ұтылды — 1:6, 1:6.

Қазақстанның бірінші, әлемнің 51-ракеткасы Александр Бублик Гамбург (Германия) ATP 500 турнирінде алғашқы айналымда-ақ жарыс жолынан шығып қалды. Ол әлемнің 32-ракеткасы, 21 жастағы франциялық Джованни Мпетчи Перрикарға есе жіберді — 6:7 (6:8), 3:6. Бір сағат 25 минутқа созылған кездесуде Бублик 7 эйспен бірге 5 брейк-пойнттың біреуін ғана өз есебіне жазды. Мпетчи Перрикар 10 эйс, 2 брейкпен (4 брейк-пойнт) ерекшеленді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ролан Гарроста Тимофей Скатовтың іріктеу турнирінің жартылай финалына шыққанын жазған едік.

Дэвис кубогында Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Иранды 2:1 есебімен ұтты.

Елена Рыбакина Страсбург турнирінің ширек финалына өтті.

Соңғы жаңалықтар