Ролан Гаррос: Елена Рыбакина жартылай финалдан тыс қалды
ПАРИЖ. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Ролан Гаррос турнирінің жартылай финалына шыға алмады.

Қазақстандық теннисші ширек финалда әлемнің 15-ракеткасы, италиялық Ясмине Паолинимен бетпе-бет келді.
Осыған дейін қарсыластар үш рет кездессе, соның екеуінде Рыбакина жеңген еді. Өткен жылы Рим WTA 1000 жарысының 1/32 финалында Елена қарсыласын 7:6 (7:4), 6:1 есебімен ұтса, биыл Штутгарттағы кездесу оңай болған жоқ. Қазақстандық үш сетте ғана Паолинидің меселін қайырды – 6:3, 5:7, 6:3. Бір қызығы, Рыбакина италиялық теннисшіні жолдан тайдырғаннан кейін Римде де, Штутгартта да жеңімпаз атанған болатын.
Е.Рыбакина 2022 жылы Уимблдонда топ жарса, Я.Паолини «Үлкен дулыға» додасының ширек финалына алғаш рет шыққан еді.
Бұл жолы Филипп Шатрье кортында италиялық теннисші матчты брейкпен бастады – 2:0. Содан кейін тағы бір брейкке қол жеткізді – 6:2.
Паолини екінші сетте де брейкпен алға кетті – 2:1. Бұдан кейін Рыбакина таразы басын теңестіріп қана қоймай, партияны алды - 6:4.
Үшінші, шешуші сетте жеңіс Паолинидің қанжығасында кетті - 6:4.
Екі сағат 3 минутқа созылған бәсеке барысында Рыбакина 10 эйспен бірге 11 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Паолини 1 эйс, 7 брейкпен көзге түсті.
Я.Паолини финалға шығу үшін әлемнің 2-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенко немесе рейтингіде 38-сатыдағы ресейлік, 17 жастағы Мирра Андрееваның қай жеңгенімен шеберлік таластырады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ролан Гарроста Әмір Омархановтың жасөспірімдер арасында ширек финалға жолдама алғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Дмитрий Попко Загребте үш сағаттық матчта жеңіске жетті.