«Ролан Гаррос»: Путинцеваның келесі қарсыласы анықталды

АСТАНА. ҚазАқпарат  - «Ролан Гаррос» турнирінде қазақстандық теннисші Юлия Путинцеваның келесі қарсыласы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Жарыстың үшінші айналымында әлемнің 26-ракеткасы, чехиялық Барбора Стрыцова өзінің отандасы Катерина Синякованы 6:2, 6:3 есебімен ұтты. Бұл кездесу 1 сағат 22 минутқа созылды.

Осылайша Юлия Путинцева турнирдің ширек финалына шығу үшін Б.Стрыцовамен күш сынасатын болды. Биыл 32 жасқа толған чехиялық спортшы - талайды көрген тәжірибелі теннисші. Сондықтан онымен тайталасу әлемнің 98-інші ракеткасы, 23 жасар Ю.Путинцеваға оңайға түспейтіні анық. Дегенмен «Ролан Гаррос» турнирінде күтпеген нәтижелер де болмай жатқан жоқ. Мысалы, бүгін әлемнің 4-інші ракеткасы, Украина елінің өкілі Элина Свитолина румыниялық Михаэла Бузэрнескудан жеңіліп қалды. Ал осы турнирдің өткен жылғы жеңімпазы, әлемнің 5-інші ракеткасы, латвиялық Елена Остапенконың бірінші айналымнан аса алмағаны белгілі. Сол себепті бабы мен бағы келіссе, рейтингке қарамайды.

Ю.Путинцеваның «Ролан Гарростағы» үздік нәтижесі 2016 жылы тіркелді. Онда ол ширек финалға дейін жетіп, әлемнің сол кездегі 1-інші ракеткасы, америкалық Серена Уильямске жол берген болатын.

Еске сала кетейік, бүгін Ю.Путинцеваның табысты өнер көрсетіп, төртінші айналымға шыққанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар