Ролан Гаррос турнирі: Елена Рыбакина тартысты матчта жеңіске жетті

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 11-ракеткасы Елена Рыбакина Ролан Гаррос турнирін сәтті бастады.

Елена Рыбакина
Фото: olympic.kz

Парижде өтіп жатқан Франция ашық чемпионатының алғашқы айналымында қазақстандық теннисші дүниежүзілік рейтингіде 202-орындағы аргентиналық, 22 жастағы, іріктеу сайысы жеңімпаздарының бірі Хулия Риерамен кездесті.

Бірінші партияда екі брейк жасаған Рыбакина 5:1 есебімен алға кетті. Сосын сетке доп бергенде, қинала қойған жоқ — 6:1.

Екінші сет барысында Елена екі рет алға шыққанымен, Риера қарымта қайырып, ақыры өз есебіне жазды — 6:4.

Үшінші, шешуші сетте қазақстандық теннисші таразы басын аудара білді — 6:4.

Бір сағат 45 минутқа созылған бәсеке барысында Рыбакина 7 эйспен бірге 12 брейк-пойнттың жетеуін пайдаланды. Риера 4 эйс, 5 брейкпен (8 брейк-пойнт) көзге түсті.

Елена Рыбакина үшінші айналымға шығу үшін рейтингіде 129-сатыдағы америкалық, 17 жастағы Ива Йовичпен таласады.

Америкалық теннисші 3 сағатқа созылған бастапқы кездесуінде әлемнің 74-ракеткасы, мексикалық Рената Сарасуаны 6:3, 5:7, 6:4 есебімен тізе бүктірді.

Өткен жылы Ролан Гарроста Польша өкілі Ига Швентек чемпион атанса, Е.Рыбакина ширек финалға дейін жеткен еді. Қазақстандық теннисші рейтингілік ұпайынан айырылмауы үшін кем дегенде өткен жылғы жетістігін қайталауы керек. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның WTA чемпиондық кестесінде үздік сегіздікке енгенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Жібек Құламбаева әлемдік рейтингіде бірден 28 сатыға жоғары көтерілді

Соңғы жаңалықтар