Ролан Гаррос турнирі: Елена Рыбакинаның қарсыласы өзгерді
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Париж қаласында теннистен Франция ашық чемпионаты басталады.

Қазақстанның әйелдер арасында бірінші, әлемнің 12-ракеткасы Елена Рыбакина алғашқы айналымда швейцариялық Белинда Бенчичпен кездесуі керек еді.
Алайда швейцариялық спортшы жарақат алып қалды да, оның орнына дүниежүзілік рейтингіде 204-орында тұрған аргентиналық, 22 жастағы Хулия Риера шақырылды.
Қазақстанның екінші, әлемнің 29-ракеткасы Юлия Путинцева іріктеу сайысы жеңімпаздарының бірі, рейтингіде 112-сатыдағы тағы бір аргентиналық Солана Сьеррадан өтуге тырысып көреді.
Қазақстанның ерлер арасында бірінші, әлемнің 51-ракеткасы Александр Бубликтің бастапқы қарсыласы – рейтингіде 92-орындағы аустралиялық Джеймс Дакворт.
Бұл үш ойын да 26 мамырға белгіленген.
Өткен жылы Е.Рыбакина ширек финалға, Ю.Путинцева мен А.Бублик екінші айналымға дейін жеткен болатын.
Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 18-ракеткасы Анна Данилина бұл жолы сербиялық Александра Круничпен бірге бірінші айналымда Польша өкілі Магда Линетт – америкалық Бернарда Перамен шеберлік байқасады.
Ю.Путинцева мен канадалық Лейла Фернандеске румынилық Моника Никулеску – тағы бір поляк Катаржина Питер тап келді.
Сенбі күні Страсбург WTA 500 турнирінде жеңімпаз атанған Е.Рыбакина Ролан Гаррос турнирі алдында бір күн демала алатынын жеткізді.
- Қатты шаршағандықтан, қалпыма келуім керек. Бірақ бұл Эльзаста өткізген жақсы бір аптаны ұмыту деген сөз емес. Бірнеше матчтан кейін Ролан Гарросқа үлкен сеніммен жетемін. Бұл маған жақсы нәтижеге жетуге септеседі, - деді қазақстандық теннисші.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Рыбакинаның Страсбургте биылғы алғашқы титулына қол жеткізгенін жазған болатынбыз.