«Ролан Гаррос» турнирі: Юлия Путинцева жартылай финалға шыға алмады

АСТАНА. ҚазАқпарат  - Қазақстандық Юлия Путинцева «Ролан Гаррос» турнирінің ширек финалында әлемнің 13-інші ракеткасы, америкалық Мэдисон Кизбен күш сынасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Дүниежүзілік рейтингте 98-інші орында тұрған Ю.Путинцева мен М.Киздің екеуі де 1995 жылғы, 23 жаста болғанымен, америкалық спортшының атақ-даңқы біршама жоғары. Ол - өткен жылғы US Open турнирінің финалисі.

Бірінші партияда есеп 3:3 болып тұрған мезетте қазақстандық теннисші брейк жасай білді. Содан кейін 5:4 болғанда, өзі доп бергенде, мүмкіндігін пайдалана алмады. Ақыры есеп 6:6 болып, тай-брейкке дейін жетіп, М.Киз төртінші сетболын мүлт жібермеді - 7:6 (7:5).

Екінші партияда 3:3-тен кейін америкалық теннисші брейк жасап, алға шықты. Сөйтіп ол жеңістік бермеді - 6:4.

Мойындау керек, 1 сағат 26 минутқа созылған бұл матчтың ұрымтал тұстарында М.Киздің шеберлігі басымдау болды, доп бергенде, эйсті де көбірек жасады.

М.Киз жартылай финалда тағы бір америкалық теннисші Слоан Стивенс немесе ресейлік Дарья Касаткинаның біреуімен шеберлік байқасады.

2016 жылғы «Ролан Гаррос» турнирінде де ширек финалға дейін жеткен Ю.Путинцеваның биыл сол үздік нәтижесін қайталауы үлкен табыс деуге болады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшінің ширек финалға шыққанын жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар