Ролан Гаррос: Юлия Путинцева екінші жеңісіне қол жеткізді
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстанның екінші, әлемнің 31-ракеткасы Юлия Путинцева Ролан Гаррос турнирінің үшінші айналымына шықты.

Қазақстандық теннисші екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 175-орында тұрған тайбэйлік Джоанна Гарлендпен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда тай-брейкте Путинцева басым түсті - 7:6 (7:5). Екінші сет те отандасымыз үшін ойдағыдай өтті - 6:3.
Екі сағатқа жуық уақытқа созылған бәсекеде Путинцева 1 эйспен бірге 16 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Гарленд 2 брейктен (6 брейк-пойнт) аса алмады.
Үшінші айналым Путинцеваға нағыз сынақ болатын түрі бар. Ол әлемнің 6-ракеткасы, ресейлік, 18 жастағы Мирра Андреевамен шеберлік таластырады. М.Андреева екінші айналымда әлемнің 35-ракеткасы, америкалық Эшлин Крюгерді жолдан тайдырды - 6:3, 6;4.
Юлия Путинцева қазіргі кезде WTA Live рейтингісінде 27-орынға көтеріліп тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің сенсация жасап, үшінші айналымға өткенін жазған болатынбыз.