Рөлге мас күйінде отырған жүргізуші - қылмыскер

АСТАНА. 11 қазан. ҚазАқпарат - Рөлге мас күйінде отырған жүргізушілерге жазаны қатаңдату қажет. Бүгін Ақордада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осылай айтты.

Рөлге мас күйінде отырған жүргізуші - қылмыскер

«Кеше мен Қасымовпен сөйлестім. Қараңыздар, өткен жылы жолдарда 2145 адам қаза тапты. Осы жылдың 9 айында 2273 адам мерт болды», - деді ҚР Президенті.

Сонымен қатар Елбасы жол ережесін бұзушыларға қатысты заң талаптарын күшейту қажеттігін баса айта келе: «Рөлге мас күйінде отырған жүргізуші - қылмыскер. Оны бізде бар заңмен барынша қатаң жазалау керек немесе бұл заңдарды күшейту қажет», - деді.

Осы ретте ҚР Ішкі істер министрі Қ.Қасымов қазіргі заңға сәйкес жаза қатаңдатылғандығын баса айтты.

«Қауіпсіздік кеңесімен біздерге тағы не істеу керектігін ойластыр. Бұл - барып тұрған тәртіпсіздік. Адамдардан айырылудамыз. Біз мында оларды емдеп, олардың санын әрі өмір сүру ұзақтығын арттырғымыз келеді. Ал жолда олар мерт болуда»,- деді Елбасы.