Роман Старченко «Барыс» сапында он жетінші маусымын өткізеді

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық хоккейші Роман Старченко «Барыс» хоккей клубы сапында тағы бір жыл ойын көрсетеді.

Роман Старченко «Барыс» сапында он жетінші маусымын өткізеді
Фото: «Барыс» хоккей клубы

Қазақстандық хоккей аңызы елордалық клуб сапында өзінің он жетінші маусымын өткізеді. Ол Құрлықтық хоккей лигасы тарихында бір клубтың құрамында ең көп матч өткізген ойыншы ретінде ерекшеленеді. Ол «Барыс» құрамында 810 кездесуде мұзайдынға шықты. Сондай-ақ, ол КХЛ-да 800 матч межесінен асқан санаулы хоккейшінің бірі болып отыр. Хоккейші команда құрамында 211 шайба соққан.

Келісімшарт 2026 жылдың 31 мамырына дейін бір маусымға есептелген.

Өткен маусымда Роман Старченко 27 ойында 12 (4+8) ұпай еншіледі.

Қазақстандық клуб Құрлықтық хоккей лигасындағы жаңа маусымда алғашқы үш ойынды елордада өткізеді. Алдымен 7 қыркүйекте Ресейдің «Трактор» (Челябинск) командасымен кездессе, одан кейін 9 қыркүйекте «Амур» (Хабаровск), 13 қыркүйекте Беларусьтің «Динамо» (Минск) клубтарымен шеберлік байқасады.

Биыл «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасында сәтсіз ойын көрсетті. Шығыс конференциясында 12 орын алып, 68 ойыннан кейін небәрі 35 ұпай жинады.

Жаңа маусымға оқу-жаттығу жиынының негізгі бөлігі Астана қаласында өтіп жатыр. Алдымен медициналық комиссия тексеруінен кейін екіжақты келісімшартқа қол қойған хоккейшілер 15 шілдеден бастап дайындыққа кірісті.

Еске салсақ, биыл «Барыс» хоккей клубының тізгінін Михаил Кравец ұстады.

Соңғы жаңалықтар