«Ромео мен Джульетта» - Астанада

Шығарманың негізіне ағылшын тілді жазушылардың ішінде ең ұлысы - Уильям Шекспирдің классикалық пьесасы бойынша жазылған Жерар Пресгюрвиктің француз мюзиклі арқау болып отыр.
Естеріңізге сала кетейік, пьеса мазмұны бойынша уыздай екі жас Ромео мен Джульетта бір-біріне өлердей ғашық. Олардың бұл сезімі ежелден жау екі әулет Монтекки мен Капулеттилердің қарсылығына ұшырайды: Монтекки (Ромеоның әкесі) мен Капулетти (Джульеттаның әкесі). Феодалдық қоғамның қайшылықтары олардың еркін махаббатына тұсау болғаны айыпталады. Бұл оқиға Верона мен Мантуя қалаларында өтеді. Ал, қалайда үйленбек талпыныстары ақыры қайғы-қасіретпен аяқталады.
1590 жылдары, яғни Шекспир шығармашылығының алғашқы жылдары деп саналатын кезеңде, ол өзінің барлық негізгі хроникаларын, сондай-ақ комедияларының көпшілігін жазады. 1595-96 жылдары ұлы ақын «Ромео мен Джульетта» трагедиясын жазып шықты. Шекспирдің пьесалары күні бүгінге дейін әлемдік театр репертуарының негізін құрайды. Олардың көпшілігі әлденеше рет кинотуынды ретінде теледидар экранына шығарылды.
Шекспир пьесасы осы стильде өзгертуге толыққанды материал болып отыр, дәл осы мүмкіндікті француз композиторы, ақын және әнші Жерар Пресгюрвик ұтымды пайдаланып қалды. Ол шекспирлік мәтіннен бас тартып, оқиғаның негізгі түпнұсқа сюжетін сақтай отырып, өз сөзімен қайта әңгімелеп береді. Пресгюрвик өзінің либреттосынан кейбір қосалқы кейіпкерлерді тысқа тастап, жаңа аллегориялық кейіпкерлерді - Өлім мен Ақынды енгізді.
Айта кету керек, бүгінгі таңда бұл мюзикл француз, голландия, орыс, ағылшын, неміс, итальян, венгер, корей, жапон, испан, иврит тілінде қойылды. Продюсерлері Жерар Лувэн, GLEM және UniversalMusic болған алғашқы спектакль 2001 жылы 19 қаңтарда Парижде өткен.
Әйгілі Ромео мен Джульетта оқиғасын суреттейтін мюзикл адам бойындағы қанды кек пен қызғанышты, менменшілдік пен пендешілік сынды қасиеттерді жеңген мөлдір махаббат туралы болмақ. Ромео мен Джульетта тек қана ескі көзқарастар мен қатынастарға қарсы шығып қана қоймай, олар жаңа өмірге үлгі болды. Олардың арасын қастық бөле алмады, оларды махаббат қосты. Бұл махаббат сұлулыққа сүйсінуден туындады, адамның ұлылығына деген сенімнен және онымен өмірде қуанышты бөлісуге тырмысуынан туындаған.
«Астана мюзикл» театрының талантты актерлері көрерменге ұмытылмас махаббат оқиғасын сыйлайды. Мюзиклдің қоюшы режиссері - Асхат Маемиро, режиссер-хореограф Надежда Подошва-Захарова, қоюшы балетмейстер Николай Подошва-Захаров.Естеріңізге сала кетейік, былтыр елордамыз Астана қаласында мамандандырылған тұңғыш «Астана мюзикл» театры ашылған болатын. «Қазақконцерт» ұйымы» бас қалаға көшірілуіне байланысты театр тұсаукесер де осы шарамен орайластырылған еді. «Астана мюзикл» театрының басқа театрлардан ерекшелеп тұратын басты бірнеше айырмашылықтары бар. Олар: спектакльдерде тек жас актерлер өнер көрсетеді және олардың бәрі - іріктеуден өтіп, вокал, би және актерлік шеберлікті жетік меңгерген кәсіби мамандар. Қойылымда жеке орындаушылар жанды дауыста ән шырқайды. Оларды эстрадалық, симфониялық оркестр сүйемелдейді.