Роналду соңғы әлем чемпионатына қатысты мәлімдеме жасады
АСТАНА. KAZINFORM – «Әл-Наср» футбол командасының капитаны әрі шабуылшысы Криштиану Роналду 2026 жылы Канада, Мексика және АҚШ-та өтетін мундиаль оның құрамамен қатысатын соңғы әлем чемпионаты екенін айтты.
Әйгілі футболшының мәлімдемесі испаниялық Mundo Deportivo газетінде жарияланды.
– Иә, бұл – менің Португалия құрамасымен қатысатын соңғы әлем чемпионатым. Ол кезде менің жасым 41-де болады. Әзірге мен тек осы сәттің рақатын сезінгім келеді, - деді Роналду Сауд Арабиясындағы TOURISE туристік форумында сөйлеген сөзінде.
Осы сөзінен кейін Роналду споттық мансабын аяқтау жайлы алып-қашпа әңгімеге де әзілмен жауап берді.
– Көпшілік «жақында» деген сөзімді шамамен 6 ай немесе 1 жыл аралығы деп түсінеді. Ал, ол 10 жылға жуық уақытты қамтуы да мүмкін, - деп әзілдеді «Алтын доптың» бес мәрте иегері.
Дегенмен Криштиану «белгілі бір жасқа жеткен кезде айлар тезірек өтіп жатқандай сезіледі» деп ағынан жарылды. Алайда ол әлі де бабында екенін, «Әл-Наср» командасында да, Португалия құрамасында да гол соғып жүргенін және жасыл алаңдағы ойыннан ерекше ләззат алатынын атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін Криштиану Роналду голдар саны бойынша әлемдік рекордты жаңартқанын жазған едік.
Камила МҮЛІК