«Росатом» Арменияға жаңа энергоблок салу бойынша ұсыныс жолдады

ЕРЕВАН. KAZINFORM — «Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачёв Арменияның премьер-министрі Никол Пашинян және оның орынбасары Мгер Григорянмен кездесті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Еревандағы меншікті тілшісі.

«Росатом» Арменияға жаңа энергоблок салу бойынша ұсыныс жолдады
Фото: “Росатом” корпорациясы

Кездесу барысында тараптар Армения АЭС-інің пайдалану мерзімін 2036 жылға дейін ұзарту мәселесін талқылады. Бұл ретте Алексей Лихачёв бұл жұмыстың бірінші кезеңі аяқталғанын жеткізді. Тиісінше, энергоблоктың жұмысын одан әрі жалғастыруға рұқсат берілді.

Сондай-ақ кездесуде Арменияда атом энергетикасын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Осы орайда, «Росатом» тиімді әрі заманауи технологияларды қолдана отырып, аталған елде орта және аз қуатты энергоблоктарды салуды ұсынды.

— «Росатом» армян тарапына қуаты 1000 МВт болатын ВВЭР-1000 энергоблогын салу бойынша нақты ұсыныс жолдады. Ресей бұл жобаны халықаралық интеграцияланған консорциум форматында жүзеге асыруға дайын. Егер ресми Ереван бұған мүдделі болса, құрылыс жұмыстарына қосымша Франция, Корея және Қытайдан компанияларды тартуға болады, — деп мәлім етті Алексей Лихачёв.

Еске салайық, еліміздегі алғашқы АЭС-ті іске қосу мерзімі нақтыланды.

Сонымен қатар таяуда Қазақстан мен «Росатом» алғашқы АЭС жобасы бойынша келісім жасаған еді.