«Росатом» басшысы: АЭС құрылысы кезінде жергілікті компаниялармен жұмыс істеуге дайынбыз

ҚОНАЕВ. KAZINFORM - Алматы облысы Үлкен ауылының маңында АЭС құрылысы ресми түрде басталды.

«Росатом» басшысы
Фото: Александр Павский/ Kazinform

«Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачёв Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясының құрылысын бастау рәсімінде Үлкен ауылын жарқын болашақ күтіп тұрғанын айтты.

— Біз қуатты да заманауи атом электр станциясын Қазақстан Республикасында салуға бағытталған жобаны жүзеге асыруға кірісеміз. Қазақстанның атом саласында мол тәжірибесі бар. Ел уран өндіру көлемі бойынша әлемдегі жетекші орынға ие — планетадағы барлық уранның шамамен 40%-ы осында өндіріледі, — деді ол.

Сондай-ақ Алексей Лихачёв 1940-жылдардан бері Қазақстан мен Ресей арасында атом ғылымы саласында әріптестік орнағанын еске салды.

— Ақтауда өнеркәсіптік ВН-350 реакторы болғанын жақсы білеміз. Бұл станция бірден үш міндетті орындады: қаланы электр қуатымен, жылумен және таза ауыз сумен қамтамасыз етті. Әрине, ол кезде бұл өңір - Кеңес Одағының ең жайлы аймақтардың бірі болды. Мен Үлкен аулының болашағы сондай болады сенемін, — деді ол.

АЭС
Фото: Александр Павский/ Kazinform

Мейман «Росатом» Қазақстанда шынымен де озық қондырғы — ВВЭР-1200 реакторы бар энергетикалық блок құратынын атап өтті. Айтуынша, мұндай блоктар қазірдің өзінде Ресейде сәтті жұмыс істеп тұр: 4 реактор елдің орталық өңірлерін тұрақты жасыл энергиямен қамтамасыз етсе, 2 реактор Беларусьте жұмыс істейді. Ұқсас жобалар Венгрияда, Мысырда, Қытайда және Түркияда «Росатомның» тікелей қатысуымен жүзеге асырылып жатыр.

— Қазақстанда біз ең озық машина жасау, аспап жасау және басқару жүйелерін құру технологияларын тарта отырып, халықаралық жобаны жүзеге асыруға дайынбыз. Жұмыстың қомақты бөлігін — 30%, тіпті одан да көп мөлшерін — Қазақстан кәсіпорындарымен бірге іске асыруға ниеттіміз. Әрине, бұл үшін қазақстандық компаниялар орындайтын жабдықтар мен жұмыстардың толық қауіпсіздігін және олардың біліктілігін дәлелдеу қажет. Бірақ біз бұл жобаны жүзеге асыруға қазақстандық өндірушілерді тартуға дайынбыз, — деді ол.

«Росатом» басшысы кадр даярлау мәселесіне де тоқталды.

— Қазақстан — атом ғылымы мен технологиялары саласына жаңа келген ел емес. Мұнда 3 зерттеу реакторы жұмыс істейді, соның бірі Алматы облысында орналасқан. Біз ғылым академияларымен, Ядролық физика институтымен, сондай-ақ ұлттық университеттерді қоса алғанда, жетекші жоғары оқу орындарымен тығыз байланыстамыз. Олар осы жоба үшін мамандарды даярлап келеді және даярлай беретін болады, — деді Алексей Лихачёв.

Еске салайық, бұған дейін «Росатом» компаниясы Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салу жобасы бойынша халықаралық консорциумның көшбасшысы ретінде анықталғанын жазған едік.

Бүгін Қазақстанда алғашқы АЭС құрылысы ресми түрде басталды.

 

Соңғы жаңалықтар