«Росатом» корпорациясы Ұлыбритания енгізген санкцияларға байланысты мәлімдеме жасады
АСТАНА. KAZINFORM – Ұлыбритания «Росатомның» үш құрылымы мен екі топ-менеджеріне қатысты шектеу шараларын жариялағаны белгілі болған.
«Росатом» баспасөз қызметінің хабарлауынша, компания кез келген біржақты шектеулерді халықаралық құқық тұрғысынан заңсыз деп санайды.
– Бейбіт атом саласындағы ынтымақтастықтың басым бағыты – қауіпсіздік. Мұндай шаралар осы негізгі қағидатқа кері әсерін тигізеді, – делінген корпорацияның түсіндірмесінде.
Сондай-ақ компания атом энергетикасы саласында әлемдік көшбасшы екенін атап өтті.
– «Росатом» атом энергетикасы саласындағы сөзсіз әлемдік көшбасшы және жекелеген мемлекеттердің біржақты әрі легитимді емес шешімдері бұл мәртебеге нұқсан келтіре алмайды. Мемлекеттік корпорация шетелдегі барлық жобалары бойынша міндеттемелерін орындауды жалғастырып келеді. Шетелде атом электр станцияларын салу бойынша әлемде бірінші орындамыз, нарықтағы үлесіміз – 90%. Сондай-ақ ядролық отын өнімдері нарығының негізгі қатысушысымыз, – деп мәлімдеді холдинг.
Сонымен қатар аталған корпорация шетелдегі барлық жобалар бойынша міндеттемелерін орындауды жалғастырып жатқанын жеткізді.
– Серіктестермен бірлесіп ядролық медицина және басқа да жоғары технологиялық салаларда жобаларды іске асырып жатырмыз, 60-тан астам елмен ынтымақтастық орнатқанбыз және олар үшін сенімді әріптес болып қала береміз, – деп толықтырды баспасөз қызметі.
Ал ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі қазіргі уақытта Қазақстандағы АЭС құрылысы жобасы бойынша жұмыстар жоспарлы түрде жүріп жатқанын айтты.
- Санкциялар тек «Росатом» корпорациясының периметріндегі жекелеген заңды және жеке тұлғаларға ғана қатысты. Атом энергиясы агенттігінің аталған санкцияға іліккен компаниялармен шарттық қатынастары жоқ және Қазақстандағы атом электр станциясын салу барысында оларды қосалқы мердігер ретінде тарту жоспарланбайды, - делінген хабарламада.
Сонымен қатар ведомство біз жекелеген елдердің санкциялық саясатындағы өзгерістерді мұқият қадағалап, жоба бойынша алдағы жұмыста тиісті тәуекелдерді ескереміз деп атап өткен.
Бұған дейін Өзбекстанның Жизақ облысына қарасты Фариш ауданында өткен қоғамдық тыңдау аясында «Росатом» мемлекеттік корпорациясының өкілдері ықтимал санкциялардың әсері туралы сұраққа жауап берген еді.
Сонымен қатар Атом энергиясы жөніндегі агенттік пен «Росатом» АЭС салу жөніндегі жол картасын бекітті.