«Росатом» Өзбекстандағы АЭС-ке қажетті жабдықтарды әзірлеуге кірісті
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – «Росатом» мемлекеттік корпорациясы Өзбекстандағы аз қуатты атом электр станциясының бірінші блогына қажетті жабдықтарды шығара бастады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Энергетикалық нысанның ядролық реакторын дайындауға кірісу процесі «Power Uzbekistan – 2025» халықаралық көрмесінде таныстырылды.

Ресми мәліметке сәйкес, «Росатом» корпорациясына қарасты «АЭМ-Спецсталь» металлургия зауытында салмағы 205 тонна болат құйма алынды. Одан Өзбекстанда салынып жатқан АЭС-те қолданылатын РИТМ-200Н реактор қондырғысының корпусына қажетті жабдықтар жасалады.
Еске салайық, бұған дейін Өзбекстан билігі ірі АЭС салу мүмкіндігін қарастырып жатқанын жазған едік.
Сонымен қатар қазіргі уақытта ресми Ташкент аз қуатты АЭС салуға кірісті. Әрқайсысының қуаты 55 МВт болатын 6 реактор (жалпы қуаты – 330 МВт) Жизақ облысындағы Тузкан көлінде бой көтереді. АЭС-тің алғашқы реакторы 2029 жылдың соңында іске қосылмақ. Ал ол толық қуатта 2033 жылдан бастап жұмыс істейді деп жоспарланған.

Жақында Kazinform агенттігіне сұхбат берген Uzatom агенттігінің директоры Азим Ахмедхаджаев энергетикалық нысанның құны 2 млрд доллардан аспайтынын айтты.
Осыған сай, Өзбекстан мен Ресей АЭС салу келісімшартының күшіне ену хаттамасына қол қойды.
Сондай-ақ АЭС салу үшін халықаралық консорциум құрылады.