Росатоммен бас келісімшарт қашан рәсімделеді — агенттік жауабы
АСТАНА. KAZINFORM — Атом энергетикасы жөніндегі агенттік Росатоммен АЭС құрылысы бойынша бас келісімшарт қашан рәсімделетінін айтты.

— Егер келісімшарт жайында айтар болсақ, онда ол Қазақстан мен Ресей арасында ынтымақтастықтың негізгі шарттары туралы үкіметаралық келісімге қол қойылып, мемлекетаралық эксперттік қаржыландыру ұсынылғаннан кейін рәсімделеді. Жобалық құжаттаманы әзірлеу осы жазда бастау жоспарланып отырған инженерлік іздестірулер нәтижесін алумен байланысты, — деді агенттіктен БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Ведомство мәліметінше, Росатом Қазақстанға ВВЭР-1200 ядролық реакторын ұсынып отыр. Бұл үлгідегі энергия блогы Ресей, Беларусь және Қытайда табысты жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар Түркия, Мысыр, Қытай, Бангалдеш және Мажарстанда салынып жатыр.
Бұған дейін «Росатом» компаниясы Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салу жобасы бойынша халықаралық консорциумның көшбасшысы ретінде анықталғанын жазған едік.
Сонымен қатар Атом энергетикасы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Қазақстандағы тағы бір АЭС-ті қытайлық вендер салатынын мәлім етті.