Росатомның басты міндеттерінің бірі — АЭС үшін жергілікті кадрлар дайындау
АСТАНА. KAZINFORM — АЭС құрылысына Қазақстан жұмысшыларының қатысу пайызына қатысты мәселе талқыланған жоқ. Бұл туралы Атом энергетикасы жөніндегі агенттіктен мәлім етті.

— АЭС құрылысына Қазақстан жұмысшыларының қатысу пайызына қатысты мәселе әзірше жеке қаралған жоқ. Дегенмен, жергілікті қызметкерлерді тарту тиісті аттестациядан өтіп, кәсіби құзіретін растаған жағдайда мүмкін болмақ. Қазақстан мамандарымен келісімшарттық қатынас жалақы төлеу тәртібін қоса алғанда Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі мен заңнамаларына сай рәсімделеді, — деді агенттіктен БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Агенттік мәліметінше, құрылыс аяқталып, стансаны пайдалану кезеңінде шамамен 2 мың жұмыс орны құрылады. Олар Қазақстан заңнамасына толықтай сай болады.
— Консорциум көшбасшысы міндеттерінің бірі — стансаны пайдалану қызметкерлері үшін жергілікті кадрларды дайындау. АЭС құрылысын қаржыландыру Ресей Федерациясы ұсынатын мемлекеттік экспорттық қаржыландыру есебінен көзделеді. Бұл тетік мақсатты және кезең-кезеңмен қаржыландыруды қамтамасыз етеді. Бұл кестедегі іркілістер мен құрылыстың ұзаққа созылуына жол бермейді. Соңғы деректерге сәйкес, Росатом санкциялық тізімде жоқ. Санкция салу мәселесі ядролық держава елдерінің қатысуымен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысында шешіледі, — деді ведомстводан.
Бұған дейін «Росатом» компаниясы Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салу жобасы бойынша халықаралық консорциумның көшбасшысы ретінде анықталғанын жазған едік.
Сонымен қатар Атом энергетикасы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Қазақстандағы тағы бір АЭС-ті қытайлық вендер салатынын мәлім етті.
АЭС-тен өндірілетін электр энергиясының құны ЖЭО мен ЖЭС-тен алынатын электр энергиясына қарағанда жоғары болады.