Рождество мейрамы да адамзатты ізгілік пен келісімге үндейді - Антоний, Орал және Ақтөбе архиепископы

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Рождество мейрамын православие, сондай-ақ католик дінін ұстаушылар кеңінен тойлайды. Бұл мереке де адамзатты ізгілік пен қоғамдық келісімді сақтауға, татулыққа үндейді.
None
None

Ол еліміздегі адамгершілік құндылықтарына сай келеді. Бұл туралы Орал және Ақтөбе архиепископы Антоний әкей мәлім етті.

Оның айтуынша, Рождество құрметіне Орал қаласында мерекелік шаралар жоспарланған. Мысалы, А.Островский атындағы облыстық орыс драма театрында балалар үшін шырша ұйымдастырылады. Онда ұлтына қарамастан, осында келген барлық бүлдіршіндерге сыйлықтар таратылады. Кешкісін театрда мерекелік концерт қойылмақ. Қазақстанда барлық діни, рухани мейрамдарды атап өтуге толық жағдай жасалған. Барша ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Бұған әлемдік діндер көшбасшылары съезінің Астанада өтуі де игі әсерін тигізуде.

«Біз Елбасы саясатын толық қолдай отырып, Қазақстанның бейбітшілік сүйгіш ел екендігін әлемге танытуға үлес қоса білуіміз керек. Ешқандай дін адамға қиянат жасауға шақырмайды. Қайта бейбітшілік пен келісімді жоғары қояды. Сондықтан біз бірлігімізді нығайтып, бір-бірімізге деген құрмет сезімін байыта беруіміз қажет. Рождество мейрамымен құттықтай отырып, қасиетті қазақ жерінде тыныштық пен тұрақтылық салтанат құра беруін тілеймін», деді Антоний әкей.

Айта кетейік, биыл Орал епархиясы өзінің 25 жылдық мерейтойын атап өтпек. Пасха мейрамынан кейін болатын бұл шараларға Қазақстан қалалары мен Ресейдің көршілес облыстарынан меймандар келмек.

Соңғы жаңалықтар