Рубен Аморим Манчестер Юнайтед» командасының тізгінін ұстады
АСТАНА. KAZINFORM - Португалиялық Рубен Аморим Англияның «Манчестер Юнайтед» командасының бас бапкері қызметіне тағайындалды.
39 жастағы маман кәсіби футболшы ретінде Португалияның «Белененсеш», «Бенфика», «Брага» және Қатардың «Аль-Вакда» клубтарында доп тепті. Португалия құрамасында 19 ойын өткізді.
Бапкерлік қызметті 2018 жылдан бастады. Содан бері Португалияның «Каза Пия», «Брага» және «Спортинг» клубтарының тізгінін ұстады.
«Спортинг» клубымен 2020/21, 2023/24 жылдардағы маусымда чемпион атанса, «Брага» тізгінін ұстаған 2019/20 жылдардағы маусымда Португалия лигасының кубогында жеңімпаз болды.
«Манчестер Юнайтед» лиссабондық клубқа өтемақы ретінде 10 млн еуроны төлейтін болды. Келісім-шарт мерзімі 2 жылға жасалды және тағы бір маусымға ұзарту мүмкіндігі бар.
Айта кетсек, бұдан бұрын 2022-2024 жылдарда «Манчестер Юнайтедтің» бас бапкері қызметін атқарған Эрик Тен Хаг команда нәтижесінің төмен болуына байланысты қызметінен кетті.
Еске салсақ, испаниялық Родри футболдан 2024 жылғы «Алтын доп» иегері болды.