Рубио: Израильдің Иранға жасаған соққыларына АҚШ-тың еш қатысы жоқ
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ Мемлекеттік хатшысы Израильдің Иранға қарсы жасаған соққыларын «біржақты әрекет» деп атап, оған Ақ үйдің қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Марко Рубио сондай-ақ Иранды аймақтағы америкалық күштерге шабуыл жасамауға шақырды, деп жазды DW.

— Бүгін кешке Израиль Иранға қарсы біржақты әрекет жасады. Біз бұл соққыларға қатыспаймыз, және біздің басты басымдығымыз — аймақтағы америкалық әскерилердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, — делінген Рубио мәлімдемесінде.
АҚШ мемлекеттік хатшысының айтуынша, Израиль Вашингтонға бұл әрекеттерін «өзін-өзі қорғау мақсатында жасалған қажетті шара» ретінде түсіндірген.
Израиль Иранға қарсы операция жүргізбек
Израильдің Әскери-әуе күштері 13 маусымға қараған түні Иранға қарсы ауқымды әскери операцияны бастаған. Бұл операция Тегеранның ядролық бағдарламасына қарсы бағытталған. The Times of Israel басылымының мәліметінше, Израиль Қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Иранның бірнеше күн ішінде 15 ядролық бомба жасауға жететін байытылған ураны бар екенін және бұл «қауіптің алдын алу үшін шара қолдануға мәжбүр болғанын» мәлімдеді.
ЦАХАЛ-дың хабарлауынша, Ирандағы ондаған әскери және ядролық нысанға соққы жасалған.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху:
— Біз Иранның ядролық отынды байыту бағдарламасының өзегіне соққы жасадық. Сондай-ақ, баллистикалық зымыран бағдарламасының басты элементтеріне де соққы бердік, — деді.
Сол уақытта Израильде төтенше жағдай жарияланды. Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац:
— Жақын арада Израиль мемлекетіне және оның бейбіт халқына зымыран және дрон шабуылдары жасалуы мүмкін, — деп мәлімдеді.
Еске сала кетейік, Израиль Иранға соққы беріп, әуе кеңістігін жауып тастағанын жазған едік.
Таяу Шығыстағы жағдайдың ұшығуына байланысты елшілік Израильдегі Қазақстан азаматтарына үндеу жасады.