Рубио Лавровпен Малайзияда кездесті

АСТАНА. KAZINFORM- АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен Куала-Лумпурде өткен Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қауымдастығы (АСЕАН) сыртқы істер министрлерінің кездесуінің кулуарында кездесті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Рубио встретился с Лавровым в Малайзии
Фото: Ресей СІМ Telegram-арнасы

Кездесуден соң Рубио Ресей-Украина қақтығысын реттеу бойынша келіссөздерде ешқандай прогрестің жоқтығына қапа болғанын айтты, деп жазады NBC News.

- Бүгін идеялар, пікірлер айтылды, мен оларды президенттің қарауына жеткізем,-деді Марко Рубио.

- Біз мұндай жағдайдың уақыт пен шыдамдылықты қажет ететінін білеміз, дегенмен келіссөздерде ешқандай да прогрестің жоқтығына қапалымыз. Біз бүгінгі болған әңгіме мен алдағы күндерде болатын оқиғаларға байланысты осы мәселе бойынша Ресейдің ұстанымы мен басымдықтары қандай екендігі жөнінде нақты білетін боламыз деп үміттенеміз және сол арқылы келіссөздерден нәтиже шығаруға тырысамыз, - деп қосты АҚШ Мемлекеттік хашысы.

Ресейдің Сыртқы істер министрлігінің осы кездесу бойынша мәлімдемесінде «Ресей-Украина және Иран мен Сириядағы жағдай бойынша мағыналы, ашық пікір алмасу болды» деп жазылды. Сонымен қатар онда әңгімелесуші тараптардың шиеленіскен жағдайды бейбіт жолмен шешуге ұмтылып отырғаны айтылған.

Осыған дейін Трамп пен Зеленскийдің Украинаға әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін жеткізуді талқылағаны туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар