Рубльдің бірнеше күн бойы құлдырауына не себеп болды
АСТАНА.ҚазАқпарат – Бірнеше ай бойы тұрақтап тұрған ресейлік рубль желтоқсан айында күрт құлдырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ВВС-ге сілтеме жасап.
Өткен аптаның соңында айтарлықтай әлсірей бастаған рубль бейсенбі күні таңертең еуропалық және америкалық валюталарға қатысты сәуірдегі деңгейге дейін төмендеді, бірақ кешке қарай қайта өзгерді.
Жарты жылдан астам уақыт бойы ресейлік валюта төмен құбылмалылық танытып, бір доллар үшін 60 рубль белгісінің айналасында саудаланды.
Украинадағы жағдайға, бұрын-соңды болмаған батыстық санкцияларға қарамастан, рубль мамыр айында көтеріліп, ал маусым айының соңында Мәскеу биржасында доллар мен еуро бағамы соңғы жеті жылдағы ең төменгі деңгейге дейін құлдырап, рекорд орнатқан болатын.
Өткен аптада сарапшылар Ресей валютасының күрт әлсіреуіне ешқандай себеп жоқ деген мәлімдеме жасады.
Ал Ресей президенті Владимир Путин стратегиялық даму және ұлттық жобалар кеңесінің отырысын өткізіп, «рубль жыл басынан бері әлемдегі ең күшті валюталардың біріне айналды» деп мақтанды.
Алайда, 15 желтоқсан күні кешке (Путин сөйлеген күні) Мәскеу биржасындағы сауда-саттық бір доллар үшін 64,35 рубль деңгейінде жабылды.
Ал келесі күні доллар тағы 30 тиынға өсті.
19 желтоқсанда демалыс күндерінен кейін рубль құлдырауын жеделдетті - мамыр айынан бері алғаш рет доллар 66 рубльден жоғары саудаланды, ал еуро 70 рубль шегінен өтті.
5 желтоқсаннан бастап Ресей мұнайын Еуропаға теңіз арқылы жеткізуге эмбарго және G7 елдерінің барреліне 60 доллар бағасының шегі күшіне енді.
Эмбаргоның алғашқы аптасында Блумберг агенттігінің бағалауы бойынша Ресейдің теңіздегі шикі мұнай экспорты екі еседен астам қысқарды.
Желтоқсанда орташа есеппен ресейлік Urals маркалы мұнай қарашадағы орташа көрсеткіштен 10 долларға арзандады (барреліне $56 қарсы $66).
Бұл ретте Urals Brent-ке рекордтық 35 доллар жеңілдікпен сатылып жатыр.
Фото: SERGEI KARPUKHIN/TASS