Рудныйда газ бен су өшіріледі
ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM — Рудный қаласында 2021 жылғы жағдай қайталануы мүмкін – 11 тамыздан бастап қалада тұрмыстық тұтынушыларға газ беру уақытша тоқтатылады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Бұл туралы «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ КПФ Рудный газ шаруашылығының директоры Асылбек Сартаев мәлімдеді. Себебі — «Интергаз Орталық Азия» АҚ 1–15 тамыз аралығында магистралды газ құбырына жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізбек.
1 тамыздан бастап коммуналдық және өндірістік кәсіпорындар газсыз қалады, ал 11 тамыздан бастап Рудныйдың газ тарату стансасы (ГРС) өшіріледі. Бұл дегеніміз — тұрғын үй секторына да газ беру тоқтайды.
— Құбырдағы газ қоры таусылғанша, қала кезең-кезеңімен газдан ажыратылады. Тәжірибеге сүйенсек, газ бір күнге ғана жетеді. Тұрғындарға өтініш: егер плитадағы от жанбаса, газ құбырының шүмегін жауып қойыңыздар, — деді А. Сартаев.
15 тамыздан бастап газ құбырын тазалау және қайта толтыру жұмыстары басталады. Бұл процесс 3–4 күнге созылады, содан кейін тұтынушыларды кезең-кезеңімен қайта қосу жоспарланып отыр. Алайда газ беру нақты қашан қайта басталатыны әзірге белгісіз — бәрі техникалық жағдай мен жұмыс көлеміне байланысты болады.
Сонымен қатар, газдың болмауына байланысты Рудный ЖЭО-ның жұмысы тоқтатылуы мүмкін, бұл өз кезегінде ыстық су беруде де үзілістер туғызуы ықтимал.
Тұрғындардан уақытша қолайсыздықтарға алдын ала дайын болу және қажет болған жағдайда баламалы жылыту мен тамақ дайындау құралдарын қолдану сұралады.
Бұған дейін Шымкентте аптап ыстық салдарынан электр желілері істен шыққан еді.