Рудныйда күйік шалған ер адам жедел жәрдем көлігінде көз жұмды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Рудныйда жеке тұрғын үй өртеніп, 70 жастағы ер адам көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Рудныйда күйік шалған ер адам жедел жәрдем көлігінде көз жұмды

«Бүгін жеке тұрғын үйдің 20 шаршы метрі жанып кетті. Өрттің таралуы сағат 10:18-де тоқтатылып, 10:32-де толықтай сөндірілді. Денесін күйік шалған үй иесі, 1949 жылы туған ер адам жедел жәрдем қызметінің көмегімен ауруханаға жеткізілді»,- делінген ведомствоның баспасөз хабарламасында.

Белгілі болғандай, үй иесі жедел жәрдем көлігінің ішінде көз жұмған. Өрттің себеп-салдары анықталып жатыр. Ер адамның денесі сот-медициналық сараптамаға жіберілді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қостанайда жеке тұрғын үйде болған өрт 1941 жылы туған әйелдің өмірін жалмады.