11:49, 05 Ақпан 2011 | GMT +5
Рудныйдың жылу жүйесіндегі проблемалар дереу шешілуі керек - Қостанай облысының әкімі
ҚОСТАНАЙ. 5 ақпан. ҚазАқпарат /Петр Плахотников/ - Қостанай облысының әкімі Сергей Кулагин Рудный қаласының әкімі Николай Денингке көпқабатты үйлердің жылу режіміндегі проблемаларды он күннің ішінде шешу туралы тапсырма берді.
«Қала басшысының бірінші кезектегі міндеті - қаланың тіршілігін қамтамасыз етуші шаруашылық құрылымдарымен бір команда болып жұмыс істеу», дейді С. Кулагин.
Облыс басшысы Рудныйда өткізген кеңесте аймақ әкімінің блогына қала тұрғындарынан түскен арыз-шағымдар талқыланды. Тұрғындар пәтерлердің суықтығына және жылу жеткізуші компаниялармен арадағы көп жыл бойы жалғасып келе жатқан күрделі қарым-қатынасқа шағымданады.
Облыс әкімі қаланы қысқа дайындау жұмыстарынан іргесін алыс салып отырған қалалық әкімдікті қатаң сынға алып, қаланы жылумен қамтамасыз етуші кәсіпорындар мен ұйымдардың жұмыстарына лайықты бақылау жасалмай отырғанына тоқталып өтті.