Руханият жасылдар партиясы «Қазақстан-2020» жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясына кіретіндігін мәлімдеді

АЛМАТЫ. 21 қаңтар. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/- Руханият жасылдар партиясы «Қазақстан-2020» жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясына кіреді. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен арнайы баспасөз мәслихатында партия төрағасы Серікжан Мәмбеталин мәлімдеді.
None
None

«Бүгінгі Қазақстанды тәуелсіздік алғаннан бері, еліміздің халқы таңдаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев басқарып келеді. Біздің еліміз осы уақыт ішінде мемлекеттіліктің барлық нышандарын иеленіп, шекаралық даулы мәселелерді толықтай шешті. Қазақстан алыс-жақын шет елдерден этникалық қазақтарды елге көшіру үшін «Нұрлы көш» мемлекеттік бағдарламасын қабылдаған санаулы елдердің бірі. Осы бағдарлама арқылы өзінің тарихи отанына 900 мыңдай қандасымыз елге оралды. Арал теңізін қалпына келтіру үшін мемлекет тарапынан қабылданған шаралар өз нәтижесін беруде. Семей ядролық полигонының жабылуын да ғаламдық экологиялық мәселенің шешімі деп қабылдауға болады»,- деді С.Мәмбеталин мырза.

Оның пікірінше, бұл мәселенің барлығы Руханият жасылдар партиясының бағытымен сәйкес, сондықтан партия басшылығы «Қазақстан-2020» жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясына мүше болу туралы шешім қабылдаған. «Коалицияға мүше болу біздің өзге де мақсаттарымыздың жүзеге асуына мүмкіндік береді деп ойлаймын. Басқа демократиялық күштермен біріге отырып біз коалиция аясында техногендік апаттардың алдын-алу үшін Каспий теңізінің Қазақстан секторында жұмыс істейтін мұнай компанияларына қатаң бақылау орнату, өндірістік мекемелерде және табиғат қорларын пайдалануда халықаралық экологиялық стандарттарды енгізу, Қазақстанда ядролық отын банкін орналастыру және атом электр стансыларын салудан бас тарту, қандастарды елге көшіру бағдарламасын жалғастыру және осы бағытта салалық министрлік құру туралы ұсынысымыздың шешім табуын күтеміз»,- деді Жасылдар жетекшісі. Ол сондай-ақ Парламент сайлауы өткізіліп, көппартиялы парламенттің қалыптасуы қажеттігін айтты. «Тек жаңартылған парламентпен, кәсіби атқарушы билікпен, тұрақтылық пен өркендеудің кепілі Елбасымыздың жетекшілігімен ғана Қазақстан бәсекеге қабілетті бола алады»,- деді өзінің мәлімдемесінде С.Мәмбеталин.

Соңғы жаңалықтар