Рухқа тағзым: Астанада Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына арналған плац-концерт өтті
АСТАНА. KAZINFORM — Елордада «EXPO» халықаралық көрме орталығында орналасқан AlemAI күмбезі астында даңқты қолбасшы, Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуына арналған плац-концерт ұйымдастырылды.
Іс-шара ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің Президенттік оркестрі мен рәсімдік бөлімшесінің қатысуымен өтті.
— Бұл концерттің басты мақсаты — жастардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру, елге, жерге деген сүйіспеншілікті арттыру. Бауыржан Момышұлы — біз үшін әскери тәртіптің, батылдық пен кәсіби шеберліктің айқын үлгісі. Ол офицер қандай болуы керек екенін көрсетті, — деді ҚР Мемлекеттік күзет қызметі Айбын Президенттік полкі 0112 әскери бөлімінің бірінші басқарма бастығы, подполковник Қайрат Молдабаев.

Плац-концертке Президенттік үрлемелі аспаптар оркестрі, «Абырой» тобы, сондай-ақ ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің «Айбын» Президенттік полкі рәсімдік бөлімшесі мен «Сардар», «Көкжал» арнайы мақсаттағы жасақтары қатысты.

Қойылым барысында қарумен көрсетілетін әскери элементтер мен дефиле ұсынылды.


Айта кетейік, плац-концерт барысында «Елім деп соқсын жүрегің», «Рух», «Сауыт» секілді патриоттық әндер орындалып, ҚР Мемлекеттік күзет қызметі Президенттік оркестрінің солистері жаңа «Көк аспан» композициясын ұсынды.

— Бауыржан Момышұлы — Қазақстанның ұлттық қаһарманы. Біз оның ерлігі мен мінезін үлгі тұтамыз, — деді шараға қатысқан әскери қызметші.

Айта кетейік, 115 жылдық мерейтойына арналған «Бауыржан Момышұлы және жаңа архив деректері» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияда оның бұрын белгісіз болған құжаттары көрмеге қойылды.