Рулі оң жақтағы көліктердің кесірінен болған апаттар соншалық көп емес - ІІМ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Сұлтанбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде рулі оң жақтағы көліктерді заңдастыру қажеттігі неден туындағанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы, бүгінгі кезде Қазақстан Республикасында заңдастыруға жататын автокөліктердің саны 300 мыңнан асады. Соның ішінде рулі оң жақтағы көліктердің саны 20 мыңнан асады», - деген ІІМ өкілі Президент тапсырмасы аясында мұндай көліктерді тіркеуге бір реттік мүмкіндік ұсынылып отырғанын ескертті.

Айтуынша, оң рульді көліктерге байланысты шешім шығару үшін арнайы зерделеу жұмыстары жүргізілген.

«Әрине, рулі оң жақтағы автокөліктер жүргізушілерінің жол жүру қауіпсіздігін сақтауында біраз мәселе бар. Ондай көлік әкелгендер де Қазақстанның азаматы, біздің халық қой. Олар көбіне қаржылай жағдайы мәз болып тұрған адамдар емес. Ондай көлікті тапшылықтың салдарынан әкеліп отыр. Такси ретінде пайдаланып, отбасын сол көлікпен асырайды. Сондықтан, сол кісілердің жағдайына түсіністікпен қарап, бір мезгілдік рұқсат берілейін деп отыр. Ал енді, қауіпсіздік жағына келетін болсақ, жол апаттарын зерделегенімізде, олардың бүгінгі таңда біршама пайыз үлесі бар. Бірақ, дәл солардың кінәсінен болып жатқан жол апаттары сондай көп деп айта алмаймын», - деді Қайсар Сұлтанбаев.


Соңғы жаңалықтар