Румыния құрамасының футболшысы «Астанада» ойнайтын болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан Румыния құрамасының жартылай қорғаушысы Дорин Ротариум енді елордалық «Астана» командасы сапында ойын көрсететін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі команданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Румыния құрамасының футболшысы «Астанада» ойнайтын болды

Дорин Ротариум 1995 жылдың 29 шілдесінде Румынияның Тимишоара қаласында дүниеге келген. Үлкен футболдағы алғашқы қадамын 2012 жылы аталмыш қаланың «Политехника» командасында бастаған. 2013 жылы Бухаресттің «Динамо» командасында жалғастырды. 2017 жылдан бастап Бельгияның «Брюгге», «Мускрон», Голландияның АЗ «Алкмаар» командаларында ойнады.

2013 жылдан бері Румынияның 19 және 21 жасқа дейінгі жастар құрамаларында ойын көрсетті. 2016 жылдан бастап сол елдің ұлттық құрамасы сапында 9 кездесуде жасыл алаңға шығып, Швеция құрамасының қақпасына бір гол соқты.

Бұдан бұрын «Астана» командасы қатарын 21 жастағы хорват қорғаушысы Луа Шимунович толықтырған еді.

Естеріңізге сала кетелік, «Астана» мен «Қайрат» 3 наурызда суперкубок ойынын өткізеді. Аталмыш кездесу Алматы қаласында өткізіледі.