Румыния Президенті Траян Бэсеску Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді
Бұл туралы бүгін апталық брифинг барысында ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдірахманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сапар барысында Т. Бэсеску еліміздің жоғарғы басшылығымен бірқатар кездесулер өткізеді. Онда екіжақты ынтымақтастық пен халықаралық ұйымдар шеңберіндегі әріптестік мәселелері талқыланбақ.
А. Әбдірахмановтың мәліметінше, келіссөздер соңында экономика және туризм салаларындағы ықпалдастық туралы үкіметаралық келісімдерге, сондай-ақ бірқатар ведомствоаралық құжаттарға қол қою жоспарланып отыр.
Румыния Басшысы Т. Бэсеску Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының оқытушылары мен студенттері алдында дәріс оқиды. Сонымен қатар сапар бағдарламасында Қарағанды қаласындағы Спасск мемориалдық кешенінде болу және еліміздегі румын диаспораларымен кездесулер белгіленген.
Айта кетейік, бұл Траян Бэсескудің былтыр Румынияда қараша айында өткен президенттік сайлаудағы жеңісінен кейінгі алғашқы ресми сапарларының бірі.