«Run for Autism» жобасы 25 инклюзия кабинетін ашуға мүмкіндік берді

АСТАНА. KAZINFORM — «Run for Autism» жыл сайынғы қайырымдылық жүгірулерінің қаражатына 25 инклюзияны қолдау кабинеті ашылды.

«Run for Autism» жобасы 25 инклюзия кабинетін ашуға мүмкіндік берді
Фото: Bolashak Charity қоры

19 қараша күні елордалық № 59 «Аққанат» балабақшасында Run for Autism жыл сайынғы қайырымдылық жүгіруінің қаражатына жабдықталған инклюзияны қолдау кабинетінің ашылуы өтті. Бұл кабинет 2023–2025 жылдар аралығында Bolashak Charity қоғамдық қоры балабақшаларда, мектептерде және колледждерде ашып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз еткен 25-кабинет болды.

«Run for Autism» жобасы 25 инклюзия кабинетін ашуға мүмкіндік берді
Фото: Bolashak Charity қоры

№ 59 «Аққанат» бөбекжайындағы инклюзияны қолдау кабинетінде (ИКК) 2–5 жас аралығындағы аутизмі және басқа да менталдық ерекшеліктері бар 5 бала қолдау алады. Кабинетте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың әлеуметтенуі, сөйлеу, коммуникациялық және тұрмыстық дағдылары қалыптастырылады. Балалар негізгі уақытын өз құрдастарымен бірге жалпы топтарда өткізеді, ал бірнеше сағат бойы педагог-ассистенттермен бірге инклюзияны қолдау кабинетінде оқиды. Кабинет командасы 8 маманнан тұрады: куратор — мінез-құлық талдаушы, 5 педагог-ассистент, психолог және дефектолог.

«Run for Autism» жобасы 25 инклюзия кабинетін ашуға мүмкіндік берді
Фото: Bolashak Charity қоры

Іс-шараға Run for Autism бастамасының демеушілері мен серіктестері, ата-аналар, блогерлер және БАҚ өкілдері қатысты.

Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығының (2024) деректеріне сәйкес, Қазақстанда аутизмі бар 15 000-нан астам бала бар, олардың шамамен 7 мыңы — мектепке дейінгі жаста. Бейресми деректер бойынша, елдегі аутизмі бар балалардың жалпы саны 35 000-нан асады. Ресми мәліметтерге сәйкес, Астанада ерекше білім беру қажеттіліктері (ЕБҚ) бар 22 мыңнан астам бала тұрады. 2015 жылдан бері Bolashak Charity қоры елордада ЕБҚ бар шамамен 500 бала мен жасөспірімді инклюзивті біліммен қамтыды.

№ 59 «Аққанат» балабақшасындағы инклюзияны қолдау кабинеті 2023–2025 жылдардағы Run for Autism қайырымдылық жүгірулерінің қаражатына Bolashak Charity қоры ашқан және жабдықтаған 25 кабинеттің бірі саналады. Run for Autism — аутизм саласындағы зерттеулерді қолдауға бағытталған халықаралық бастама. Жүгірулер Нью-Йорк, Лондон, Берлин, Чикаго және Питтсбург сияқты әлемнің ең ірі қалаларында өткізіледі. Қазақстанда жоба алғаш рет 2023 жылы Bolashak Charity қорының бастамасымен ұйымдастырылды. Бастаманың мақсаты — қоғамның назарын аутизм мен менталдық денсаулық мәселелеріне аудару, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдауға арналған білім беру бағдарламаларына қаражат жинау.

2023 жылдан бері Run for Autism жүгірулеріне 6 443 адам қатысты, олардың ішінде даму ерекшеліктері бар 200-ден астам бала болды. Үш жылда 42 348 444 теңге жиналып, осы қаражатқа Астана және өңірлердегі білім беру ұйымдарында 25 инклюзияны қолдау кабинеті ашылды. Соның нәтижесінде 160-тан астам аутизмі, ДЦП, Даун синдромы және басқа да даму ерекшеліктері бар балалар мен жасөспірімдер күн сайын қажетті қолдау алып отыр. 

Жалпы, Bolashak Charity қоры 10 жыл ішінде Қазақстанның 24 қаласында 79 инклюзияны қолдау кабинетін ашып, 2 000-нан астам балалар үйінің тәрбиеленушісін және аутизмі мен даму ерекшеліктері бар 10 000-нан астам отбасын қолдау бағдарламаларымен қамтыды. Қор сонымен бірге 1 000-нан астам баланы үйден оқыту формасынан шығарып, инклюзивті ортаға кіруіне мүмкіндік берді.

«Run for Autism» жобасы 25 инклюзия кабинетін ашуға мүмкіндік берді
Фото: Bolashak Charity қоры

Bolashak Charity қоғамдық қорының директоры Азамат Божақ 2026 жылғы сәуірде Астанада төртінші Run for Autism марафоны өтетінін алға тартты. Айтуынша, бұл аутизмі бар одан да көп бала мен жасөспірімді қолдауға мүмкіндік береді.

— Run for Autism үш қайырымдылық жүгіруінің нәтижесінде жиналған қаражатқа Астана және Қостанай облысының Рудный қалалары балабақшаларда 21 инклюзияны қолдау кабинетін, мектептерде 2 кабинетті және колледждерде тағы 2 кабинетті ашып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамадық. Осылайша 160-тан астам бала мен жасөспірімге сапалы инклюзивті білім алуға мүмкіндік туды. Бұл кабинетте аутизмі, Даун синдромы және басқа да даму ерекшеліктері бар 5 бала білім алады. Мамандардың жұмысын қордың мінез-құлық талдаушысы сүйемелдейді. ИКК-де жүргізілетін сабақтар балалардың әлеуметтену және оқу дағдыларының жақсарғанын көрсетіп отыр. Ерте қолдаудың маңызы өте зор, өйткені ол балаларды мектеп ортасына дайындайды. Балабақшадағы ерте көмек көрсетуден кейін ерекше балалардың мектепке келгенде педагог-ассистенттердің көмегінсіз-ақ оқуға бейімделе алған жағдайлары болды. Бұл инклюзияны қолдау кабинеттерін дәл мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында ашудың маңыздылығын дәлелдейді. Сондай-ақ 2026 жылғы сәуірде Астанада төртінші Run for Autism жүгіруі өтетінін хабарлаймыз, — деді ол.

Бұдан бұрын Түркістан облысында аутизмге шалдыққан балалар көбейгені хабарланды.

Соңғы жаңалықтар