Руслан Берденов «Respublica» партиясынан неге кеткенін айтты

АСТАНА. KAZINFORM – Бұрынғы Мәжіліс депутаты, қазіргі Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденов «Respublica» партиясының тең төрағасынан кетуіне қатысты ресми түсінік берді.

Руслан Берденов
Фото: Gov.kz

- Мен «Respublica» партиясының тең төрағасы ретіндегі миссиямды аяқтау жөнінде шешім қабылдағанымды хабарлаймын. Бұл шешім саналы түрде және өзіме қатысты бірқатар объективті себепке байланысты қабылданды, - деді Руслан Берденов.

Одан әрі Шымкент әкімінің орынбасары аталған жайттың себебін түсіндірді.

- Біріншіден, белгілі болғандай, қазір мен Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келемін. Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес, мемлекеттік қызметті саяси партиядағы жетекшілік қызметпен қатар алып жүруге жол берілмейді. Мен заң талаптарын құрметтеймін және оны қатаң сақтаймын. Екіншіден, партияның ішкі қағидаттарына сәйкес, партия мүшелері мемлекеттік органдарда лауазымды қызмет атқара алмайды. Біз саяси үдерістерге қатысу партия ішіндегі билік құрылымымен араласпауы тиіс деп санаймыз. Үшіншіден, қазіргі таңда өз денсаулығымды қалпына келтіруге баса назар аударып жүрмін. Мен әрдайым жұмысыма жоғары жауапкершілікпен қарап келдім, бұдан кейін де мемлекеттік қызметтегі лауазымымды өз деңгейінде атқаруым керек. Сондықтан да дәл қазір өзімді жақсы сезіну үшін күш-қуатымды соған салудамын. Мен партия жолының бастауындағы құндылықтар мен идеяларға адал болып қала беремін және «Respublica» командасына алдағы уақытта зор табыс тілеймін. Бірге жұмыс істеген әріптестеріме шын жүректен алғыс айтамын, - деп түсіндірді Р.Берденов.

Бұған дейін Руслан Берденовтің «Respublica» партиясының тең төрағалығынан кеткені туралы ресми хабарлаған едік. 

Айта кетсек, биыл 24 ақпанда Руслан Берденов Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. 

Артынша Руслан Берденовтің Мәжілістегі өкілеттігі тоқтатылды. 

Еске салсақ, биыл 21 сәуірде Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасалды. Ол ауыр жарақаттармен ауруханаға жеткізіліп, жедел түрде ота жасалды. 

Сондай-ақ Руслан Берденовке жасалған қастандыққа қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталды. 

Соңғы жаңалықтар