Руслан Берденовке жасалған қастандықтың себебі айтылды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қарулы шабуылдың себебі – қызметтік келіспеушілік негізінде туындаған қасақана қылмыстық ниет болғаны белгілі болды. Бұл туралы алдын ала сот тыңдауы барысында айыптау актісі жарияланған кезде айтылды.

Руслан Берденовке жасалған қастандықтың себебі айтылды
Фото: Руслан Берденов /Facebook

Іс материалдарына сәйкес, Шымкент қалалық құрылыс басқармасының құрылыс нысандарын бақылау бөлімінің басшысы А.М.Кенжебеков айыпталушы Е.Ж.Жиембайға телефон арқылы хабарласып, қала әкімінің орынбасары Р.А.Берденовтің нұсқауы бойынша «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС басшысы қызметінен өз еркімен кету туралы өтініш жазуға мәжбүр екенін айтқан. 

Айыптау тарапының мәлімдеуінше, дәл осы әңгімеден кейін Е. Жиембайда қылмыстық ниет пайда болған.

21 сәуір күні – шабуыл жасалған күні – айыпталушы қала әкімдігі ғимаратына жұбайына тиесілі «Hyundai Tucson» автокөлігімен келген. Көліктің жүк салғышында «Сайгак» маркалы аңшы мылтығы болған. Ол бұған дейін ішімдік сатып алып, оны көлік салонында ішкен.

Р. Берденовтің әкімдік ғимаратынан шығуын күтіп тұрған Е. Жиембай оған қарай бес рет оқ атқан. Жәбірленуші жерге құлаған сәтте, айыпталушы жақындап барып, бақылау үшін соңғы оқты атпақ болған. Алайда мылтықтағы оқ-дәрі таусылып қалғандықтан, бұл әрекетін жүзеге асыра алмаған. Дәл сол кезде жүргізуші әрекет етіп, қайғылы жағдайдың одан әрі ушығуына жол бермеген. 

Еске салайық, бүгін өткен алдын ала сот тыңдауы барысында жәбірленушінің ресми өкілі Руслан Берденовтің денсаулығына байланысты сот процесіне қатыса алмайтынын хабарлады. Алайда судья Әбінұр Қарабаев оны 6 тамызға белгіленген сот отырысына жеке келуге міндеттеді. Сондай-ақ сотқа айыпталушының әйелі де куә ретінде шақырылатын болды.

Айыпталушы Ернар Жиембай алқабилердің қатысуынан бас тартып, сот залында бейнежазба жүргізуге тыйым салды. Оның мүддесін төрт адвокат, оның ішінде қоғамдық қорғаушы ретінде қатысып отырған әкесі де қорғауда. Сот отырысы барысында Жиембай тергеу кезінде өзіне қысым жасалғанын мәлімдеді. 

Соңғы жаңалықтар