Руслан Берденовтың жүргізушісі атыс туралы сотта не айтты

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкент қаласында өтіп жатқан атышулы іс бойынша сот процесінде Руслан Берденовтың жүргізушісі Мейрамбек Қалымбетов куәлік берді.

а
Фото: Татьяна Корякина / Kazinform

Алдында жүргізушіден 11 тамызда жауап алынады деп хабарланғанымен ол сол күнгі сотта көрген-білгенін айтып берген.

Айтуынша, атыс болған күні ол әкімдік ғимаратының дәл алдында көлікпен күтіп тұрған. Жәбірленуші көлікке мініп үлгермей, сол сәтте оқ атылған.

— Бастықты күтіп отырдым. Келе жатқанын айнадан көрдім. Отырған бойда атыс даусын естідім. Абдырап қалдым. Ол кезде көлік «скоросте» тұрды, аяғым тежегіштен сәл кеткенде көлік өздігінен жүріп кетті де, бордюрге барып тоқтады. Шокта болдым, — деді Мейрамбек Қалымбетов сотта.

Сондай-ақ ол, Руслан Арысбекұлын өлтіріп қоя ма деп қорыққанын айтты. Содан 30-40 шамасындағы жылдамдықпен келіп айыпталушыны соққан.

— Тоқтатуға тырыстым. Қатты соққы болған жоқ, жай соққы болды. Бұл кісі артқа қарай шегініп құлады. Мен артынан тоқтату мақсатында жүгіріп бардым. Ұстау үшін, — деді Қалымбетов.

Жүргізушінің айтуынша, ол жағдайды тоқтатпақ болып әрекеттенген, бірақ сол сәтте өзіне бейтаныс бір адам келіп, күдіктіні жерге құлатып, шынжыр салған.

Бұл арада айта кететін бір жайт — жүргізуші жаралы жәбірленушіге бірден көмек көрсетуге тырысқанын да айтты.

— Руслан Арысбекұлының үсті қанап жатты. Тізерлеп отырып қалды. Қолының қанағанын көрдім. Костюмін шешіп, қанды тоқтатпақ болдым. Футболкамды қанға басып тұрдым. Екі қыз келіп, «жедел жәрдем шақырыңдар» деп жатты, — дейді жүргізуші.

Мейрамбек Қалымбетов сонымен қатар, бірнеше оқтың өз жағынан, яғни көліктің жанынан атылғанын нақтылады. Ал атып жатқан сотталушыны көлік терезесінің маңында көрген.

Оқиға кезінде күйзеліс жағдайында болғанын бірнеше рет қайталаған куәгер шынайы көрген-білгенін ғана айтуға тырысқанын жеткізді. 

Сонымен қатар, ол оқиғаның алдында Берденов пен Жиембай арасында ешқандай келіспеушілік немесе жанжал байқамағанын мәлімдеді.

Сот барысында айыпталушы «Менен саған қауіп төнді ме?» — деп сұрады. Куәгер бұл сұраққа «жоқ» деп жауап берді.

Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкенттегі қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасау ісі бойынша басты сот процесі басталғанын жазған болатынбыз.

Бұған дейін айыпталушы сотта оқиғаның қалай болғанын айтып берді

Шымкент әкімінің орынбасарына қастандық жасалғаны 21 сәуірде мәлім болған. Ол ауыр жарақат алып, ауруханаға түсті.

Руслан Берденов ақпан айының соңында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалған болатын.

Соңғы жаңалықтар