Руслан Желдібай «Еуразия» бірінші арнасының ұжымына жаңа директорды таныстырды
ASTANA.KAZINFORM - Белгілі медиаменеджер Ләззат Танысбай «Еуразия» бірінші арнасының директоры лауазымына тағайындалды.

Бұл туралы бүгін өзінің Facebook парақшасында ҚР Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай жазды.
- Бүгін телеарна ұжымына таныстырдым. Ләззат Мұратқызы соңғы алты жылда «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Басқарма төрағасы ретінде отандық медианың дамуына елеулі үлес қосты.
Осы жылдары тарихи телехикаялар мен анимациялық фильмдер өндірісіне ерекше серпін берілді. Корпорация отандық контентті интернет кеңістігінде және шетелдерде тарату ісінде біршама жетістікке жетті.

Директорлар кеңесінің төрағасы ретінде Ләззат Мұратқызына алғыс айтамын! Жаңа қызметте де табысты болатынына сенімдімін, - деп жазды ол.
Сондай-ақ ол «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Басқарма төрағасы болып белгілі журналист, медиа саласында ұзақ жылдар бойы басшылық қызметтер атқарған Ернұр Бурахан тағайындалғанын айтты.
-Іске сәт, табысты қызмет тілеймін!—деді Руслан Желдібай.
Айта кетейік, бүгін Ләззат Танысбайдың жаңа қызметке тағайындалғаны туралы хабарладық.
Сондай-ақ «Қазақстан» телерадиокорпорациясының басқарма төрағасы тағайындалғаны туралы жаздық.