Руслан Желдібай қосымша қоғамдық қызметке тағайындалды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Президентінің кеңесшісі — баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) жаңа технологиялар және тиімділікті арттыру бойынша комиссиясының директоры қызметін атқарады.

Руслан Желдибай
Фото: akorda.kz

Бұл туралы Руслан Желдібай өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында мәлім етті.

— Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) жаңа технологиялар және тиімділікті арттыру бойынша комиссиясының директоры қызметіне тағайындалдым. Бұл — қосымша қоғамдық қызмет. Сенім білдірген IJF басшылығына, Мариус Визер мырзаға алғыс білдіремін, — деп жазды ол.

Руслан Желдібай
Фото: facebook.com/ruslan.zheldibay

Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысының сөзінше, еліміздің халықаралық спорт ұйымдарында өкілдерінің болуы — өте маңызды.

— Бұл қадам арқылы еліміздің беделін нығайтумен қатар, тәжірибе де алмасамыз. Дзюдоны елімізде дамыту бағытында біраз жұмыс атқарылып жатыр. Әлі де мәселе жетерлік. Дзюдоны кеңінен дамыту үшін арнайы академия, ал аймақтарда орталықтар қажет болып тұр. Халықаралық ынтымақтастықты да арттырамыз. Осы іске барынша өз үлесімді қосамын, — деп түйіндеді ол.

Бұған дейін 17 ақпанда Мемлекет басшысының Жарлығымен Руслан Желдібай Қазақстан Республикасы Президентінің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі лауазымынан босатылып, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы лауазымына тағайындалды.

Соңғы жаңалықтар