16:16, 16 Ақпан 2013 | GMT +5
С.Ахметов «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесін өткізуге дайындық мәселелері бойынша кеңес өткізді
АСТАНА. 16 ақпан. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге дайындық мәселелері бойынша кеңес өтті, деп хабарланды Үкімет басшысының ресми сайтында.

Кеңеске қатысушылар «ЭКСПО-2017»-ге дайындық жөніндегі Ұлттық жоспардың негізгі бағыттарын талқылады. Атап айтқанда, көрменің Тіркеу құжаттамасын әзірлеу, Халықаралық көрмелер бюросымен өзара іс-қимыл мәселелері, сондай-ақ «ЭКСПО-2017» аумағында құрылыстар мен нысандар салу бойынша үздік архитектуралық шешімдерге байқау ұйымдастыру мәселелері қаралды.
Кеңесті қорытындылай келе, С.Ахметов алдағы мақсат-міндеттерді шешу жұмыстарына жауапкершілікпен қарап, «көрмені өткізуге дайындық жөніндегі Ұлттық жоспарды іске асыру Мемлекет басшысының ерекше бақылауында тұрғанын және Президент тапсырмасы белгіленген мерзімде және барынша тиімді орындалуы тиіс» екенін атап көрсетті.