С. Ахметов ЭКСПО-2017 Тіркеу құжаттамасын апталық мерзімде Халықаралық көрме бюросына бағыттауды тапсырды

Отырыста көрменің Тіркеу құжаттамасының жобасы қаралып, мақұлданды. Компания басқармасының төрағасы Талғат Ермегияев құжаттаманың мазмұнды бөлігі туралы мәлімдеп, қаржы шараларына және ұйымдастырушының құқықтық мәртебесіне, Шеберлік жоспарына, нысандарды көрмеден кейін пайдалану бойынша Жоспарға қатысты бөлімдер жайында айтып берді.
«Құжаттама мазмұны бойынша ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу жоспары, оны тануға қажетті құжат болып табылады және сегіз тараудан тұрады», - деді Т.Ермегияев.
Жұмыс штабтарының қызметі туралы сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары - Халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесінің Комиссары Рәпіл Жошыбаев және өңірлік даму министрінің орынбасары Серік Нокин баяндады.
Р.Жошыбаев айтып өткендей, көрмеге қатысу үшін 126 елді тарту жоспарланған, 2,5 млн. астам турист күтілуде.
Көлік және коммуникация министрлігінің басшысы Асқар Жұмағалиевтің айтуынша, ЭКСПО-2017-ге дайындық аясында Астана әуежайының өткізу қабілетін екі есеге арттыру болжануда.
Көшпелі отырыстың қортындыларын түйіндей келе, С.Ахметов «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-на СІМ-мен бірге апталық мерзімде құжаттаманы ХКБ-на бағыттауды, оның ілгерілеуін және қатысушы елдермен келісілуін қамтамасыз етуін тапсырды.
Бұдан өзге, Үкімет басшысы «Астана ЭКСПО-2017» компаниясы қызметінің Стратегиясын жасауды, ал Мемлекеттік комиссияның барлық мүшелеріне өз бағыттары бойынша нақты жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырды.