«С. Ахметов ісі» бойынша сотта алдын ала тыңдау 27 шілдеге тағайындалды
«Алдын ала тыңдау 27 шілдеде сағат 10.00 басталады», - деді соттың баспасөз қызметінен. Қылмыстық істі судья Исламхан Есенбаев қарайды. Бұған дейін Қарағанды облыстық прокуратурасы хабарлағандай, бақылау органы бұрынғы премьер-министр С.Н.Ахметовке, облыстың экс-әкімі Б.Т. Әбдішевке, Қарағанды қаласының экс-әкімі М.А. Смағұловқа және басқа да облыс әкімшілігінің лауазымды қызметкерлері мен бизнесмендеріне қатысты қылмыстық іс материалдарын зерделеуді аяқтады. Сыбайлас жемқорлық ісі бойынша барлығы 21 адам тергелуде. Олар қызмет бабын асыра пайдаланды, бюджет қаражатын ұрлады және кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласты деген айыптар тағылған.
Қылмыстық іс материалдары 300-ден астам томнан тұрады. «2015 жылғы 13 шілдеде жоғарыда аталған адамдарға қатысты қылмыстық іс мәні бойынша қаралуы үшін Қарағанды облысы бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды. Айыпталушылар сотқа берілді», делінген хабарламада.
Тергеу нұсқасы бойынша, С.Ахметов 1 млрд. теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырып, 2,4 млн. АҚШ доллары көлемінде пара алды деген күдік бар.
Еске сала кетейік, С.Ахметов сегіз айдан бері үй қамақта.