С.Ахметов Қазақстан Президентіне 2013-2015 жылдарға арналған үш жылдық бюджеттің жобасын жасау барысы туралы баяндады

АСТАНА. 5 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Серік Ахметовті қабылдады.
None
None

Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.

С.Ахметов Қазақстан Президентіне  2013 - 2015 жылдарға арналған үш жылдық бюджет жобасын әзірлеу барысы мен Үкіметтің таяу кезеңдегі міндеттері туралы баяндады.

Сонымен қатар, кездесуде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы, жиын-терін науқанының аяқталуы және жылу беру маусымына дайындық мәселесі талқыланды.

Мемлекет басшысы Үкімет толықтай құрылып болып, белсенділікпен жұмысқа кіріскенін атап өтті.

- Әрбір министр өзіне қандай міндеттер жүктелгенін біледі. Қызметтің барлық бағыты бойынша жұмысты жандандырып, биылғы жылды жақсы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштермен аяқтау қажет, - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев жиын-терін науқанының аяқталуына байланысты өңірлерде астық қорын тұрақтандыруды қалыптастыру, сондай-ақ нан бағасының өсуіне жол бермеу жөнінде облыстар әкімдерімен бірлескен жұмысты жалғастыру қажеттігін атап көрсетті.

Мемлекет басшысы кездесудің қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.  

 

 

Соңғы жаңалықтар